2028 жылға дейін автоматтандырылған өлшеу станцияларының саны 126 бірлікке дейін жеткізіледі

0
133

Республикалық автожолдардың инфрақұрылымын сақтап, қауіпсіз әрі ұзақ мерзімге пайдалануды қамтамасыз ету – көлік саласын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі.


2028 жылға дейін автоматтандырылған өлшеу станцияларының саны 126 бірлікке дейін жеткізіледі

ERNUR.KZ. Осы бағытта бақылау жүйесін күшейту мақсатында республикалық жолдар бойында 46 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған. Оның 24-і 2025 жылы іске қосылды. Осылайша, соңғы бір жылда олардың саны екі есеге артты. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың ОКҚ брифингінде айтуынша, автоматтандырылған өлшем стансалар жүйелері көлік құралдарының салмағын, габаритін, мемлекеттік тіркеу нөмірін, маркасын және осьаралық қашықтығын автоматты түрде тіркейді.

Жиналған мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органдарға жедел түрде жолданып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

«Бүгінде аталған бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. 2028 жылға дейін автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын 126 бірлікке дейін жеткізу жоспарланған. Бұл шаралар автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етпек»,-деді Д.Иманашев.

Қазақстан Республикасының жол жүру ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылдың аяғынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдық режимін бақылау енгізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 8 ақылы учаскедегі орналасқан аркалардағы бейнекамералар орташа жылдамдықты тіркеуде. Олар құқық бұзушылық фактілерін тіркеп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Осы аталмыш жұмыстардың арқасында республикалық автожолдарда жол-көлік оқиғасы 20 %-ға төмендеді. 2026 жылдың соңына дейін қосымша 16 ақылы учаскеде жылдамдықты бақылайтын жүйені орнату жоспарланған.

Ұлттық компания жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырып келеді. Соның маңызды бағыттарының бірі – ақылы автомобиль жолдарында лазерлік визуалды бағдарлау жүйелерін орнату. Аталған жұмыстар республикалық маңызы бар жолдардың 22 учаскесінде жүзеге асырылды. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – Ресей Федерациясы шекарасы бағыттары және өзге де стратегиялық маңызы жоғары дәліздер бар. Лазерлік қондырғылар жүргізушінің көру аймағына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында нақты визуалды бағдар қалыптастырады. Бұл өз кезегінде - қозғалыс жылдамдығы мен бағытын уақытылы түзетуге; ұзақ әрі бірсарынды учаскелерде рөлде қалғып кету қаупін азайтуға; жүргізушінің зейінін арттыруға және жол жағдайын қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді.