Жапонияда АДАМДАРҒА арналған ТОҢАЗЫТҚЫШтар пайда болды

0
209

Құрылғыны сынап көрген адамдардың айтуынша, бес минуттан кейін-ақ жеңілдік сезіледі.


Жапонияда АДАМДАРҒА арналған ТОҢАЗЫТҚЫШтар пайда болды

Фото: images.techinsider.ru

Сырттай қарағанда бұл құрылғы кофе сататын автомат пен тұрмыстық тоңазытқыштың арасындағы гибридке ұқсайды. Алайда оның ішінде азық-түлік қоятын сөрелер емес, адам отыратын орын жасақталған.

Жаһандық жылынудан туындаған аптап ыстықтан Еуропа мен Үндістан ғана емес, Қиыр Шығыс елдері де зардап шегуде. Токиода шілде айында кей күндері ауа температурасы 40 °C-тан жоғары болды. Мәселен, 15 шілдеде бір күннің өзінде 48 адам ыстық өтуіне байланысты ауруханаға түскен. Экологтар мен инженерлер планетаны салқындатудың жолдарын іздеп жатқанда, басқа технология мамандары аптап ыстық жағдайында жүрген адамдарды қалай тез салқындатуға болатынын ойластыруда.

Нәтижесінде Жапониялық сауда автоматтары мен тоңазытқыштар өндірушісі SDRS биыл жазда Do Hiemon Box деп аталатын құрылғыны таныстырды. Сыртқы көрінісі өткен ғасырдағы телефон кабинасына ұқсайды, тек дөңгелекке орнатылған.

Құрылғының ішінде бастапқыда 15 °C температура сақталады. Адам ішіне кірген кезде температура тез арада 5 °C-қа дейін төмендейді. Салқын ауа дененің қатты қызған тұстарына, айталық, мойынға, желкеге, иық пен арқаға бағытталады.

Құрылғыны сынап көрген адамдардың айтуынша, бес минуттан кейін-ақ жеңілдік сезіледі. «Ал он минуттан соң дененің қызып кетуінен пайда болған әлсіздік пен қалжырау басылады» деп мәлімдейді өндірушілер. 20 минуттан кейін адам тоңып қалмауы үшін құрылғы автоматты түрде өшеді. Содан кейін сыртқа шығып, өз ісіңізді жалғастыра беруге болады.

Қазіргі уақытта құрылғы тек заңды тұлғаларға – құрылыс компанияларына, зауыттарға, қойма кешендеріне және ашық аспан астында іс-шара ұйымдастырушыларға сатылады. Яғни кондиционерсіз ыстық жерде жұмыс істеуге мәжбүр адамдарға арналған.

Айтуларынша, Do Hiemon Box құрылғысын жасауға Жапонияда өте танымал сауда автоматтары шабыт берген. Олардың көпшілігінде сатылатын сусындарды салқын ұстау үшін арнайы салқындату жүйесі орнатылған.

Бір қызығы, өзімізді салқындатуға деген әрекетіміз электр энергиясын көбірек тұтынуға, соның салдарынан атмосфераның одан әрі жылынуына алып келеді. Дегенмен бұл құрылғының идеясында белгілі бір логика бар. Ішкі кеңістігінің шағын болуы және қысқа уақыт аралығында ғана жұмыс істеуі арқасында ол кәдімгі бөлме кондиционеріне қарағанда электр энергиясын шамамен екі есе аз тұтынады.

Ал денсаулық тұрғысынан оның адам ағзасына әсері әзірге толық анық емес. Әрине, қатты қызып кету денсаулыққа зиян. Бірақ күн ішінде бірнеше рет салқындап, қайта қызудың ағзаға пайдасы бар ма? Біреуге мұндай процедура шынығуға көмектесуі мүмкін, ал енді біреудің денсаулығына кері әсер етуі ықтимал. Дегенмен әзірге асығыс қорытынды жасамай-ақ қояйық. Өйткені идеяның өзі қызықты әрі ерекше.

Бұл – Жапонияның адамды салқындататын жеке технологиялар бағытындағы алғашқы жұмысы емес. Sony компаниясы бірнеше жылдан бері REON POCKET деп аталатын киілетін термоқұрылғы жасап келеді. Ол адамның мойнына тағылып, денеге жанасқан жерді тікелей салқындатады немесе жылытады. Солайша «жеке микроклиматын» қалыптастырады. Яғни бұл шағын жеке кондиционердің бір түрі.

2025 жылы Sony REON POCKET PRO моделін таныстырды. Оның екі тәуелсіз термо-модулі бар, салқындату аумағы алдыңғы модельдермен салыстырғанда шамамен екі есеге ұлғайтылған. Құрылғы Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне шығарылды.

Ал 2026 жылы Sony REON POCKET PRO Plus атты флагмандық нұсқасын шығарды. Жаңа модель адамның қозғалысы мен қоршаған орта жағдайына бейімделуге арналған технологиялармен толықтырылған.


Тағы бір қызық бағыт салқындататын киім

Әлемнің ыстық елдерінде құрылысшыларға, қойма жұмысшыларына, жол жөндеушілерге және басқа да далада жұмыс істейтін адамдарға арналған салқындататын киімдер де дамып келеді. Олардың кейбірінде желдеткіштер қолданылады. Киімнің ішіне сыртқы ауаны кіргізіп, дененің айналасында ауа қозғалысын қамтамасыз етеді. Басқа технологияларда арнайы салқындатқыш элементтер немесе термоэлектрлік модульдер пайдаланылады.

Бұл бағыттың артықшылығы – адамға арнайы уақыт бөлудің, кабинаға кіріп отырудың қажеті жоқ. Жұмысшы қозғалысын тоқтатпай-ақ салқындау мүмкіндігіне ие болады.


Жеке салқындату болашақта кондиционерлердің баламасына айнала ма?

Қазір кондиционер бүкіл бөлмені салқындатады. Ал адамға кейде бөлменің өзін емес, тек өзінің денесін салқындату жеткілікті болуы мүмкін.

Sony де өз технологиясын дамыту барысында адамның өзін тікелей салқындату арқылы артық энергия жұмсауды азайту мәселесін басты назарға алады. Компанияның мәліметінше, REON POCKET технологиясының бастапқы идеясы камералардың қызуын басқару технологиясынан туындаған.

Бір қызығы, болашақтағы салқындату технологиясы бүкіл бөлмені мұздатудан емес, адамның өзін ғана салқындатудан басталуы мүмкін. Бір жерде бұл дөңгелектегі шағын тоңазытқыш, басқа жерде мойынға тағылатын құрылғы, енді бір жерде желдеткіші бар арнайы киім. Климат жылынған сайын адамдарға арналған жеке салқындату технологиялары да күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы ықтимал.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Тоққа ҰЗАРТҚЫШ арқылы қосуға БОЛМАЙТЫН тұрмыстық құрылғылар

IPhone НЕГЕ ҚЫМБАТ немесе СМАРТФОН БАҒАСЫ неден құралады