Таздану, "геморройға" себеп болатын гаждеттер

0
328


Таздану,

Сурет: i.pinimg.com

Қазіргі заманда технология күн сайын қарыштап дамып келеді. Смартфондар, планшеттер, ноутбуктар мен түрлі смарт-аксессуарлар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Олар ақпаратты тез табуға, қашықтан жұмыс істеуге, білім алуға және адамдармен байланыста болуға мүмкіндік береді. Расында да, жаңа технологиялар өмірімізді әлдеқайда жеңілдетіп, уақыт пен күшті үнемдеуге көмектесуде.

Алайда, осы ыңғайлылықтың көлеңкелі жағы да бар. Соңғы жылдары ғалымдар мен дәрігерлер гаджеттерді шамадан тыс пайдалану адам денсаулығына кері әсер ететінін жиі айтып жүр. Ұзақ уақыт экранға телміріп отыру көру қабілетін нашарлатуы мүмкін, ал смартфонға тәуелділік ұйқының бұзылуына, психологиялық күйзелістерге және қозғалыс белсенділігінің төмендеуіне әкеледі. Осылайша, технологияның жетістіктері мен зиянды әсерлері қатар жүріп, адамзатқа жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптерді де ала келуде.


Әлемді геморрой індеті күтіп тұр

Гарвард университетінің ғалымдары «Дәретханада смартфон қолдану және геморрой қаупі» атты мақала жариялады. Онда әлем бойынша смартфон геморройдың даму ықтималдығын 1,5 есеге арттырады деп тұжырымдалған.

Смартфонның зияны туралы айтқанда, көбіне оның электромагниттік сәулеленуі, психика мен когнитивті қабілеттерге әсері талқыланады. Ал бұл зерттеуде Гарвард университетінің ғалымдары мүлде басқа қырынан келді.

Зерттеуге медициналық тексерістен өткен 125 ересек ерікті қатысқан. Алдымен колоноскопиядан өтіп, геморрой бар-жоғы анықталған. Кейін олар егжей-тегжейлі сауалнама толтырды, онда дәретханада смартфон қолданатыны, қанша уақыт қолданатыны және т.б. сұрақтар болды. Еріктілердің 60%-дан астамы дәретханаға смартфонмен кіретіндерін мойындапты. Олардың көбісі дәретханада отырғанда жаңалық оқуды (54,3%) немесе әлеуметтік желілерде отыруды (44,4%) күнделікті әдетіне айналдырған көрінеді.

Зерттеу нәтижесінде ғалымдар «Дәретханада смартфонмен ұзақ отыру әлем халқы арасында геморройдың кең таралуының бір себебі болуы мүмкін» деген өте маңызды қорытындыға келді. Бұл пікірге қарсы шығу қиын, өйткені смартфонды дәретханада пайдалану – бүкіл әлемге тән әдет.

Мұндай тәсіл кейбіреулерге күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ зерттеу нәтижелері өте маңызды. Гарвардтың ғылыми беделі мен мақаланың беделді PLOS One журналында жариялануы – бұл жұмыстың маңыздылығын айқындайды.

Шын мәнінде, геморрой қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі — унитазда ұзақ отыру. Қолыңызда смартфон болсын-болмасын, дәретханада ұзақ отырсаңыз, геморройдың пайда болу қаупі 46%-ға өсетіні әлдеқашан дәлелденген тұжырым. Ал смартфон осы «отырысты» күнделікті жиі қайталанатын әрекетке айналдырады. Мұндай кең таралған әдетті елемеуге болмайды. Сондықтан бізді жаңа пандемия – геморройдан жаппай зардап шегу күтіп тұр деп болжауда ғалымдар.


Не істеу керек?

Бұған жол бермейтін жалғыз амал — «бес минут ережесін» сақтау. Мамандар «Дәретханада бес минуттан артық отырмаңыз» деп кеңес береді.


Толық өлшемді құлаққап таз қылады

Сурет: doctorhead.ru

Толық өлшемді құлаққап – бұл құлақты толықтай жауып тұратын, тығыз орналасқан амбушюрлері бар үлгілер. Ресейлік трихолог-дәрігер Виталия Копытина «Үлкен, яғни толық өлшемді құлаққаптарды қолдану тракциялық алопецияға ұшыратуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Тракциялық алопеция – ұзақ уақыт бас терісіне қысым мен үйкелістің әсерінен болатын ерекше түрдегі шаш түсуі.


Не істеу керек?

Маман толықөлшемді құлаққап қолданушыларға әр 3-6 ай сайын құлаққап баспен жанасатын аймақтың суретін түсіріп отыруды ұсынды. Осы арқылы құлаққапты басқа бекітетін доға тұсында шаштың сиреп-сиремегенін және жұқарып-жұқармағанын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мәселені уақытылы анықтауға немесе құлаққаптың шашақа зияны тиіп жатпағанына көз жеткізуге көмектеседі.

Егер осы аймақта шаштың сиреуі немесе жұқаруы байқалса, дереу маманға жүгінуге кеңес береді. Дәрігер қан айналымын жақсартатын және шаш фолликулдарына әсер етіп, шаштың өсуін қалпына келтіретін арнайы лосьондар, тағы да басқа ем түрлерін тағайындайды.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

iPhone 17: Жаңа үлгінің «он алтыдан» несі артық?

БҮКТЕЛЕТІН СМАРТФОН: несімен қызық, пайдасы қандай?