ТАСЫМАЛДЫ ДУШ – жазда таптырмас көмекші

0
209


ТАСЫМАЛДЫ ДУШ – жазда таптырмас көмекші

Сурет: file.sitepokupok.ru

Жаздың аптап ыстығында табиғат аясына жорықта, балық аулау кезінде немесе қолайлығы шектеулі саяжайда бір шайынып, тер мен шаңнан тазаланып алатын қарапайым душтың өзі үлкен жайлылық сыйлайды. Бұрын мұндай жағдайда шелек пен су құйылған бөтелкеге сүйенуге тура келетін. Ал бүгінде шағын әрі ыңғайлы портативті душтар кез келген жерде жуынуға мүмкіндік береді.

Туристер, автосаяхатшылар, велосипедшілер мен саяжай иелері арасында сұранысқа ие бұл құрылғылардың түрі де, мүмкіндігі де көп. Бірі жеңіл әрі ықшам болса, енді бірі аккумулятормен жұмыс істеп, тіпті суды қыздыру функциясымен жабдықталған. 2026 жылғы ең үздік портативті душ модельдерін және оларды таңдағанда нені ескеру керегін қарастырайық.


Тасымалды душ таңдағанда нені ескеру керек?

  • Суды қайдан аласыз?

Егер жақын маңда құдық, су құйылған бөшке немесе өзен болса, сорғысы бар душ жеткілікті. Егер суды басқа жақтан тасу керек болса, су құятын жеке багы немесе қапшығы бар модель ыңғайлы. Ал су тапшы болатын жағдайларда үнемді жұмсайтын нұсқалар тиімді болады.

  • Қандай жағдайда пайдаланасыз?

Қысқа мерзімді және жақын қашықтықтағы жорықтар үшін жеңіл әрі ықшам түрі де жарайды. Көлемі 10–12 литр болатын, күн сәулесімен қызатын қапшық жеткілікті. Авосаяхат үшін су қысымы жақсы аккумуляторлы душ қолайлы, ол адамға да, техниканы жууға да жарайды. Ал есік алдында, саяжайда күнделікті қолдану үшін керек десеңіз,кем дегенде көлемі 20 литрлік бөшкесі бар, суды қыздыру функциясы бар немесе күн сәулесімен қызатын үлгісі ыңғайлы.

  • Қанша адам пайдаланады?

Орта есеппен алғанда, бір адамға бір шайынып, тер мен шаңнан арылуға 8-10 литр жеткілікті. Екі адам үшін үшін кем дегенде 15-20 литр немесе сыйымдылығы үлкен аккумуляторы бар душ қажет. Үлкен компания немесе ұзақ сапарлар үшін аяқпен басқарылатын сорғысы бар модельді немесе автокөлік төбесіне орнатылатын резервуарды қарастырған жөн.

  • Қандай су пайдаланасыз?

Егер тек бөтелкедегі немесе ыдыстағы суды қолдансаңыз, сүзгі міндетті емес. Ал өзеннен немесе көлден су алуды жоспарласаңыз, сүзгісі бар түрін таңдаңыз. Сүзгі тазалық сапасын жақсартып, душтың қызмет ету мерзімін ұзартып, денсаулықты сақтауға көмектеседі.

  • Қандай ұсақ-түйектер өмірді жеңілдетеді?

Су қысымын реттеу ағынды өзіңізге ыңғайлап, суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қысқа шлангқа қарағанда ұзын шланг (1,8 метрден бастап) әлдеқайда ыңғайлы. Температура индикаторы жағымсыз тосынсыйлардан сақтайды. Ал ылғалдан қорғау функциясы және дисплей жетілдірілген аккумуляторлы модельдер үшін өзекті.


SEKAI портативті душымен жағымсыз тосынсый болмайды

Егер сіз саяжайға немесе кемпингке компаниямен барсаңыз, кішкентай душ-қапшықтың суы тез таусылады. Ал SEKAI бірден 20 литр су береді. Бұл 2–3 адамның кезекпен шайынып шығуына жеткілікті.

Бұл модельдің басты ерекшелігі – су температурасының индикаторы. Бұған қоса, кіріктірілген заряд индикаторы да бар. Осы екі көрсеткіш «суы салқын ба әлде жылы ма?» деп болжаудан және дәл қажет кезінде құрылғының қуаты өшіп қалудан сақтайды.

Су жинау бөшкесі берік ПВХ материалдан жасалған, құлаудан және майысудан қорықпайды. Алайда кемшіліктері де жоқ емес. Айталық, бөшкеге 20 л су толтырылған кезде тасымалдау ыңғайсыз, су тек күн сәулесімен қызады, бұлтты күндері салқын болып қалады.


Quechua – жеңіл әрі ыңғайлы

Жорықта үйдегідей жайлылық емес, жеңілдік пен сенімділік маңызды. Decathlon компаниясының 10 литрлік классикалық душ-қапшығы нағыз «алтын орта»: бір күндік жолдан кейін тер мен шаңды шайып тастауға жеткілікті.

Су құйылған қапшықты ағашқа немесе шатырдағы ілгекке іле саласыз да, жуына бересіз. Бос күйіндегі салмағы бір килограмнан аз. Сөмкеге салғанда бөтелкедей ғана орын алады. Қарапайым әрі сенімді құрылғының бағасы да қолжетімді. Тек, бірнеше адамнан тұратын отбасы үшін көлемі аз демесеңіз. Тағы бір-екі кемшін тұсы бар, су қысымы әлсіз, ағыны жай ғана «үстінен құйыну» сияқты және суды жылыту үшін күн сәулесіне тәуелді.


SHININGLEE аккумуляторлы душы

Душтың бөшкесін не қапшығын тасуды, оған су толтыруды қаламайтындар үшін таптырмас құтқарушы. Мұнды әрі судың қысымы жеткілікті бола ма деп уайымдаудан құтыласыз. SHININGLEE сорғысы бар аккумуляторлы душ осы мәселені түбегейлі жояды. Оның сорғысын кез келген ыдысқа: шелекке, канистрге, тіпті өзенге де салуға болады.

Сыйымдылығы 6000 мА/сағ болатын аккумулятор бір сағатқа дейін жұмыс істей алады, бірнеше рет қатарынан душ қабылдауға жетеді. Су ағыны тұрақты, сондықтан өзіңіз жуынып қана қоймай, көлігіңізді жуып немесе баланы шомылдыруға да болады. Табиғатқа автокөлікпен шығатындар үшін тамаша нұсқа. Әйткенмен су қыздыру функциясы жоқ, сондықтан салқын уақытта тек жылы су жанында ғана ыңғайлы.


GARDEN жорыққа арналған портативті душы (аккумуляторлы)

Саяжай мен кемпингке арналған әмбебап нұсқа. Аккумулятормен жұмыс істейтін батырмалы сорғы тұрақты су қысымын қамтамасыз етеді.

Оның басты артықшылығы – қарапайымдылығы мен сенімділігі. Шлангты шелекке салып, батырманы бассаңыз болды – су себезгісі дайын. Бір зарядпен 45 минутқа дейін жұмыс істейді.


HIH Sweet Home – суды тазалайтын сүзгісі бар

Судың тазалығына баса мән беретіндерге бұл модельден артығы жоқ. Ондағы кіріктірілген сүзгі құм мен ұсақ қоқысты ұстап қалады, бұл әсіресе суды тікелей өзен-көлден алғанда маңызды.

Су қысымы тұрақты, ал аккумуляторы 40–60 минутқа дейін жетеді. Сүзгіні мезгіл-мезгіл тазалап, ауыстырып отыру қажет;


Fanline «Энергия» TJ-2000 су қыздыру функциясымен дараланады

Басқа тасымалды душ түрлері күн сәулесіне тәуелді болса, Fanline «Энергия» барлығын өз бақылауына алады. Бұл – саяжайға немесе тұрақты пайдалануға арналған электрлі су қыздырғышы бар душ. Металл корпусы берік және ұзақ қызмет етуге арналған.

Кіріктірілген қыздырғыш ауа райына қарамастан суды жайлы температураға дейін жеткізеді. Резервуар көлемі бірінен кейін бірі жуынатын бір-екі адамға жеткілікті, одан кейін судың қайта қызуын күту керек.

Электр қуатына тәуелді, розеткаға қосу қажет. Жорық модельдерімен салыстырғанда ауыр және тасымалдауға қолайсыз. Бағасы қапшық және аккумуляторлы душтарға қарағанда жоғары.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

«Өндірушілер смартфонды әдейі істен шығарады» деген рас па?

Жазғы ауланы тоқ жүргізбей-ақ жарқыратып қоя аласыз