Сурет: wapstat.fra1.digitaloceanspaces.com
Смартфондар – соңғы жиырма жылдағы ең үлкен технологиялық серпілістердің бірі. Олар тек байланыс құралы емес, қалтадағы компьютерге айналды. Бүгінде біз смартфон арқылы банк операцияларын жүргіземіз, жұмыс істейміз, суретке түсіреміз, фильм көреміз – бәрін жасаймыз.
Алғашқы сенсорлы құрылғылар iPhone-ға дейін де болғанымен, дәл iPhone смартфон индустриясын түбегейлі өзгертті. Толық сенсорлы экран, интернетке бағытталған операциялық жүйе және қосымшалар дүкені нарыққа жаңа стандарт орнатты. Алайда технология әлемінде бәрі бірдей сәтті бола бермейді. Кейбір модельдер техникалық қателіктердің, асығыстықтың немесе нарықты дұрыс түсінбеудің кесірінен үлкен сәтсіздікке ұшырады.
Төменде – тарихтағы ең даулы әрі ең сәтсіз 10 смартфон.
1. Samsung Galaxy Note 7
Samsung ұзақ жылдар бойы сапалы Android құрылғыларымен танымал болды. Galaxy Note сериясы үлкен экранды, стилусы бар премиум смартфон ретінде ерекше орын алды. Алайда 2016 жылы шыққан Note 7 компания тарихындағы ең үлкен дауға айналды. Құрылғы батареясының ақауына байланысты өздігінен қызып, жарылып, тіпті өртене бастады. Әуе компаниялары бұл модельді ұшаққа кіргізуге тыйым салды. Samsung жаппай кері қайтарып алу науқанын жүргізіп, миллиардтаған доллар шығынға батты. Бұл оқиға бренд беделіне ауыр соққы болды.
2. HTC First
HTC Android платформасының алғашқы дамуына зор үлес қосқан компания. Бірақ 2013 жылы шыққан HTC First ерекше эксперимент болды. Бұл смартфон Facebook Home интерфейсімен жұмыс істеді, яғни басты экран толықтай Facebook-ке арналды. Идея – қолданушыны әлеуметтік желімен үнемі байланыстыру. Алайда адамдар тәулік бойы бір ғана әлеуметтік желіге «байланғысы» келмеді. Техникалық сипаттамалары да орташа деңгейде болды. Нәтижесінде сатылым өте төмен болды.
3. Amazon Fire Phone
Amazon электронды кітаптар мен планшеттер арқылы үлкен жетістікке жетті. Сол табысқа сүйеніп, 2014 жылы Fire Phone шығарды. Смартфон Fire OS жүйесінде жұмыс істеді және Google сервистері мүлде болмады. Оның орнына Amazon Appstore ұсынылды, бірақ онда қосымшалар саны аз еді. Бастапқы бағасы – шамамен 700 доллар. Сатылым нашар болғандықтан, баға бірнеше рет түсірілді. Жоба компанияға 170 миллион доллар шығын әкелген.
4. BlackBerry Storm
iPhone нарықта үстемдік ете бастағанда, BlackBerry сенсорлы модель шығаруға мәжбүр болды. Storm – компанияның алғашқы толық сенсорлы смартфоны. Алайда сенсор дәлдігі нашар, интерфейс баяу, ал жалпы қолдану тәжірибесі бәсекелестерден әлдеқайда төмен болды. Бұл BlackBerry дәуірінің аяқталуына жақындатқан бұрыс шешімдердің бірі еді.
5. Kyocera Echo
Kyocera Echo екі экранмен жабдықталған ерекше құрылғы болды. Теория жүзінде бұл көп тапсырманы қатар орындауға мүмкіндік беруі тиіс еді. Бірақ Android жүйесі мұндай форматқа дайын болмады. Қосымшалардың көбі дұрыс жұмыс істемеді. Өнімділік әлсіз болды. Нарық мұндай экспериментке дайын емес еді.
6. Samsung Galaxy Fold
Бүктелетін экран — болашақ технологиясы. Бірақ алғашқы Galaxy Fold үлкен кемшіліктермен шықты. Қолданушылар қорғаныш қабатын алып тастап, дисплейді бүлдіріп алды. Экранда сызықтар, томпақ жерлер пайда болды. Бағасы 2000 доллардан асатын құрылғы үшін бұл үлкен соққы болды. Кейінгі нұсқалар жақсарды, бірақ алғашқы модельдің беделі күмәнді болды.
7. RED Hydrogen One
Камераларымен танымал RED компаниясы ерекше «голографиялық» 3D дисплейі бар смартфон ұсынды. Алайда бұл технология өте аз қосымшада жұмыс істеді әрі көзге жағымсыз әсер берді. Құрылғы ауыр, бағасы 1600 доллар шамасында болды. Нарық оны қабылдамады.
8. iPhone 6
Phone 6 жұқа алюминий корпусымен ерекшеленді. Бірақ көп ұзамай құрылғы қалтада жүргенде иіліп кететіні анықталды. Бұл оқиға «Bendgate» деп аталды. Сонымен қатар «Touch Disease» деп аталатын ақау пайда болды — экран жанасуға жауап бермей қалатын жағдайлар тіркелді. Apple құрылғыны толық кері қайтармады, тек жөндеу бағдарламасын іске қосты.
9. HTC EVO 3D
3D технологиясына қызығушылық артқан кезеңде HTC екі камералы EVO 3D моделін шығарды. Телефон 3D сурет және бейне түсіре алды. Бірақ 3D контент аз болды, ал эффект сапасы күткендей әсер қалдырмады. Қолданушылар үшін бұл мүмкіндік маңызды болмады.
10. V Mobile N8-N
V Mobile N8-N туралы ақпарат аз. Бірақ Amazon-дағы пікірлер өте нашар болды. Кейбір қолданушылар телефон бір айдан кейін мүлде істен шыққанын жазды. Тіпті кейбір шолушылар құрылғының қораптан шыққан соң бірнеше минут ішінде өшіп қалғанын көрсеткен.
Смартфон индустриясы — тәуекелге толы сала. Кейде батыл инновация үлкен жетістікке айналады, ал кейде миллиондаған шығын мен беделдің құлдырауына әкеледі. Бұл тізім бір нәрсені дәлелдейді: технологиялық нарықта тек идея жеткіліксіз. Дұрыс уақыт, сапалы орындау және пайдаланушы сұранысын түсіну — табыстың басты кепілі.
АУДАРҒАН: Б.ЕРМАН
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


