Антифрод-орталығы antifraud.kz сайтын іске қосты.
Фото: ulysmedia.kz/коллаж
ERNUR.KZ. Портал арқылы азаматтар күмәнді сайттар мен инвестициялық компанияларды тексеріп, қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары туралы ақпарат ала алады, деп жазады inbusiness.kz.
Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті директорының орынбасары Әсем Мадиярованың айтуынша, жаңа сайт алаяқтыққа қатысты сенімді әрі нақты ақпарат беретін бірыңғай алаңға айналады.
"Сайт осы және басқа да мәселеге қатысты сенімді әрі нақты ақпарат беретін бірыңғай алаң болмақ. Порталда алаяқтық схема туралы ақпарат, күмәнді ресурстарды тексеруге арналған анықтамалық және "Фродди" атты жасанды интеллект көмекшісі бар. Сондай-ақ алаяқтыққа тап болған азаматтарға банкке, полицияға немесе 116 байланыс орталығына жүгіну жолдары түсіндіріледі", – деді Әсем Мадиярова.
"Фродди" көмекшісі банк шоты бұғатталған жағдайда мәселені шешу үшін қай мекемеге жүгіну керегін анықтауға көмектеседі. Алайда Ұлттық банк пен Антифрод-орталық азаматтардың шоттарын бұғаттамайды және оларды бұғаттан шығармайды.
Қазір Ұлттық антифрод-орталыққа 270 ұйым мен мекеме қосылған. Жүйеде тіркелген оқиғалар саны 200 мыңнан асқан.
Алдағы уақытта платформаға хабарландыру сайттарын, маркетплейстерді және криптовалюта қызметтерін ұсынатын ұйымдарды қосу жоспарланып отыр.


