​БАЛАҢЫЗ 20 жасқа толғанда сізге РАҚМЕТ айтатын ЕҢ ҚҰНДЫ 4 естелік

0
99

Балаға қалдыратын ең үлкен мұраның бірі - өзінің қандай сүйіспеншілікпен өскенін сезінуі.


​БАЛАҢЫЗ 20 жасқа толғанда сізге РАҚМЕТ айтатын ЕҢ ҚҰНДЫ 4 естелік

Бала деген жылдам өсіп кетеді. Ал естеліктер мәңгі қалады. Иә, бүгін ғана құшағыңызға сыйып жатқан бөпеңіз ертең бойыңызбен теңеседі. Бір күні өз достарымен қыдырып, өз арманының соңынан кетеді. Ал сіз оның кішкентай кезінде қалай күлгенін, саусағыңызды қалай қысып ұстағанын сағына еске аласыз. Сол кезде балаңызға: «Міне, сен кішкентай кезіңде осындай едің!» - деп көрсететін ерекше естеліктеріңіз болса қандай керемет!

Сондықтан балаңыз есейгенде көріп мәз болатын, есіне алатын естелік қалуы керек. Ол үшін мына идеяларды осы бастан орындаңыз.


1. Электронды фотоальбом

Суреттер сақтаған флешкаңыз ашпай қалуы мүмкін. Сондықтан жабық телеграмм канал ашып, балаңыздың балабақшадағы тәрбиеші апайы ортақ чатқа жіберген, өзіңіз түсірген суреттерді сол каналға жүктеп қоя беріңіз.

Суреттерге күнін, жасын және оқиғаны жазып қойыңыз. Мысалы: «3 жас 2 ай. Балабақшадағы алғашқы мерекесі» т.б. Немесе балаңыздың суреттерін жүктеп, жылдар бойынша папкалар жасаңыз: «2026 жыл», «Балабақша», «Туған күндер». Жылдар өткен соң бұл жазбалар естеліктерді одан әрі құнды етеді.

Телефон нөміріңіз жоғалып кетуі мүмкін, сондықтан жабық телеграмм каналдың сілтемесін қойын дәптеріңізге жазып қойыңыз. Сондықтан фотолардың қосымша көшірмесін Google Photos сияқты бұлттық қоймада немесе компьютерде сақтаңыз да жөн.

Балаңыз 15-20 жасқа толғанда, балабақшадағы қызықты сәттерін, алғашқы қадамдарын, туған күндерін, достарын және балалық шағының басқа да ұмытылмас кезеңдерін қайта көре алады. Бәлкім, бір күні ол сізге: «Анашым, менің балалық шағымды осылай сақтап қойғаныңызға рақмет!» - дер.


2. Түрлі түсті алақан картасы

Балаңыздың алақанына қауіпсіз, жуылатын бояу жағып, қағазға немесе арнайы кенепке ізін түсіріңіз. Егер отбасында бірнеше бала болса, әрқайсысының алақан ізін әртүрлі түспен қабаттастырып жасауға болады.

Жанына есімін, туған күнін, жасын жазып қойыңыз. Оны картина ретінде қабырғаға іліп қойыңыз.

20 жылдан кейін балаңыз өз алақанының қандай кішкентай болғанын көріп таңғалады. Ал бірнеше баланың алақаны бір картинада бейнеленсе, бұл отбасылық құндылыққа айналады.


3. «Менің алғашқы қолтаңбам» альбомы

Балаңыздың сурет салуға, шимайлауға қызығатын кезінен бастап салған суреттерін жинаңыз. Алғашқы сызықтары, дөңгелектері, адамға ұқсатып салған алғашқы суреті - бәрі де естелік. Әр параққа күнін және сол кезде не салғанын жазып қойыңыз. Сосын сол суреттерді үлкен плакатқа жабыстырып, фоторамкаға салып, балалар бөлмесіне іліп қойыңыз. Бұл небір атақты суретшілердің картинасынан қымбат естелік.

20 жылдан кейін балаңыз өз шығармашылығының қалай басталғанын көріп, балалық шағын еске алады.


4. «20 жастағы өзіме хат»

Балаңызға бастауыш сынып жасында және жасөспірім шақта, мектеп бітірер сыныпта оқып жүргенде болашаққа арналған хат жаздырыңыз. Хатта кім болғысы келетінін, қандай үйде тұратынын, қандай көлігі болатынын, қазір нені жақсы көретінін жазғызыңыз. Хаттың сыртына: «20 жасқа толғанда ашу» деп жазыңыз. Тіпті хатын фотоға түсіріп, жабық телеграммға жүктеп қойсаңыз да жақсы. Балаңыз өз сөздерімен аудиоүндеу қалдыруына да болады.

Естелік жасау үшін ерекше күнді күтпеңіз. Баланың таңғы күлкісі, алғашқы қарға таңғалғаны, әкесімен ойнағаны, анасына еркелегені - бәрі де өмірдің қайталанбас сәттері. Айына бір фото, бір видео және бір есте қаларлық сәт ұйымдастырсаңыз жеткілікті. Өйткені балаға қалдыратын ең үлкен мұраның бірі - өзінің қандай сүйіспеншілікпен өскенін сезінуі.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ӨМІРДІ «жақсыдан» «кереметке» өткізетін 5 КІЛТ

Табысты 10 есе арттырудың нейропсихологиялық СУПЕР техникасы