Орынды айылмаса БАТАның қасиеті, АҚСАҚАЛдың қадірі қашады

0
159

Сізден біреу бата сұраса, ұялып қалмайсыз ба?


Орынды айылмаса БАТАның қасиеті, АҚСАҚАЛдың қадірі қашады

Сурет: ЖИ


Қазіргі қазақтың жиын-тойларында салт-дәстүрге қатысты сан соқтырып, «әттеген-ай» дегізетін тұстары көп. Солардың бірі – бата беру. Небір қасқа-жай­саңдар бас қосып әңгіме-дүкенді қыздырады келіп. Ал бата сұрағанда бейберекет тілек айтып кететіндер жиі кездеседі. Біреуге ақыл айтуға келгенде талмайтын жақ бата беруге келгенде тосылып қалады. Қос алақанын айқара жайып, бата емес кедір-бұдыр жадағай тост айтып шыққанына қарап, не бет сипарыңды, не стақан ұстарыңды білмей қаласың. Өмірінің жартысынан астамын сүріп қойған шағында бата мен тостың аражігін ажырата алмай отыратындары өкінішті. Осындай жағдайды көрген сайын көңіл құрғыр құлазиды, естіген сайын еңсе шіркін езіледі.


Бір қарияны танимын, алыс ағайын. Сол кісімен көп жиындарда бірге боламыз. Жатқа білетін шағын ғана бір батасы бар. Қайда барса да, соны айтады. Ағайынның тойында да, ауылдастар мерекесінде де, азаматтардың көкпарында да... Басында «Жоқтан тәуір ғой, қасындағылар оны да білмей тұр» деп ризашылық танытатынмын. Кейін келе құлағым жауыр болды. Басқаларға да солай әсер ететін шығар. Дәл осы қалыппен тағы бірнеше жыл айта берсе, өзінің де, батаның да қадір-қасиетін одан әрмен қашыратын түрі бар. Осындай қарияларды көргенде орнына өзімді қойып,ұзын-сонар сөзбен батаның не екенін, не үшін айтылатынын түсіндіргім келіп кетеді.


Бата– бұл мән мен мағынаға, ақ ниет пен ыстық ықыласқа толы сөлді сөз. Ол халқымыздың байырғы тұрмыс-салтымен ұштасқан, күн­делікті өмір дағдысындағы адами қарым-қатынасқа негізделген, ағайын-туыс, жегжат-жұ­рағаттың бір-біріне деген ықылас-пейілін білдіретін, сонымен қатар жасы үлкен адамдар немесе ел ағалары жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін мазмұнға ие болуы тиіс.

Дана халқымыз: «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», «Баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас» деп бекер айтпаған. Қазақ дәстүрінде батаның бірнеше түрі қалыптасқан. Осылардың өзінің ара-жігін ажыратып, әрқайсысын өз орнымен бере білсек, құба-құп. Олай ете алмасақ, жоғарыда айтқан қария секілді өз қадірімізді де, батаның қасиетін де қашырамыз.


Ықылас батасы

Дəстүр бойынша, ықылас батасын алу үшін ақсақал немесе ел арасында абыройы биік кісіні арнайылап асқа шақырып, сый-құрмет көрсететін болған. Өздерін құрметтеп, қабақ шытпай асты-үстііне түсіп отырған жанға аузы дуалы ақсақал да адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Батаның бұл түрі сұраған адамның қалауы, жасы, кәсібі, мақсат-мұраты бойынша əр алуан мазмұнда беріледі. Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, сәбиге ұзақ ғұмыр мен жарқын болашақ тілейді. Ал, жас отау болса, бата мазмұнына өркен жайып, ұрпақ жалғауын, асқар тау әке, ақ шашты ана болуын тілеп қосатын болған. «Әумин» деп қол жайған үй иесі үлкен кісі болса, ұрпағының қызығын көріп, жақсы атын шығаруын тілеген.


Ақ бата

Ақ бата – алғыс сөздері. Ата-ананың, қарияның, ел ағаларының ұрпағына деген жүрекжарды тілегі, жұртшылық игілігі үшін қызмет еткен қоғам қайраткерлеріне ақтарыла айтқан алғысы. Білім алуға, жорыққа, бітімге аттанғанда, игілікті іс бастағанда, құдалық жəне достық салтына, өнер қуған, ел тізгінін жаңа ұстаған талапты жастарға, жас отауларға берілетін ықыластың бір түрі.


Ас батасы

Дастарқан батасы деп те аталады. Ақ дастарқан жайылып, табақ келгенде немесе тамақтанып болып, дастарқанды жияр кезде айтылады. Қазақ танымында асқа (дастарқанға) бата жасамау көргенсіздік, тəрбиесіздік саналған. Дастарқан жайып, ас ішкен сайын қол жайып, «асқа адалдық, денге саулық бер» деп бата жасап, тілек тілеп отыруды өздерінің адамдық парызы деп білген. Əдетте ас баталары да үй иелерінің ынта-ықыласы, тілегіне қарай əртүрлі жасала береді.


Ризашылық батасы

Алғыс бата – қариялар мен сыйлы тұлғалардың азаматтардың ізгілікті істеріне, қажырлы еңбегіне және ел игілігі үшін атқарған қызметіне деген алғысы мен жүрекжарды тілегі.


Жақсы бастамаларға арналған бата

Қазақ халқында кез келген игі іске кіріспес бұрын үлкендерден бата алу салты ежелден бар. Бұл ретте ауылдың ақылгөй қариялары мен сөзі өтімді сыйлы кісілері арнайы шақырылады. Мұндай сәтте берілетін «бастаған ісің берекелі, атқарған жұмысың табысты болсын» деген мазмұндағы баталардың орны қашан да ерекше.


Мерекелік тілек-бата

Бейбіт өмірді аңсайтын, әр таңы шаттық пен думанға толы болғанын қалайтын халқымыздың әртүрлі мейрамдарда, Наурыз немесе айт күндері айтатын ақжарма тілектері мереке батасы деп аталады.


Жорық батасы

Бөгде жұрттан жапа шегіп, дұшпандардан талай қиындық көрген ата-бабамыз алыс сапарға немесе жорыққа шығар алдында ағайын-туыс, ел-жұртын жинап, ақсақалдар мен беделді қариялардан міндетті түрде бата алуды дәстүрге енгізген. Бұл сапардың сәтті өтіп, көздеген мақсаттың орындалуына сенім артып, ақ батадан рух алу ниетінен туындаған.


Ақсақалдарға берілетін бата

Қазақ қоғамында батаны тек жастар ғана алмаған. Жетпіс-сексен жастағы ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер де өзі сыйлайтын, көреген қадірлі кісілерді арнайы шақырып алып, олардың батасын алған. Мұндай сәтте үлкендердің денсаулығының мықты болуы, ғұмыр жасының ұзақ болуы, ұрпақ қызығын (немере, шөбере, шөпшек) көруі сияқты ізгі тілектер әсем жырмен, өлең өрнегімен жеткізілген.


Нәрестеге арналған бата

Қазақ жұртында жарық дүниеге жаңа келген сәбиге де арнайы бата сұрау дәстүрі бар. Жұрт құрметтейтін қасиетті, сөзі өтімді ақсақалдардың алдына ата-анасы сәбиін ертіп келіп: «Балдырғанымызға ақ батаңызды беріңіз!» деп қол жаяды. Мұндай сәтте баланың ғұмыры ұзақ болсын, бақ-дәулет пен ырыс-береке қонсын, абыройлы әрі көркем мінезді болып өссін деп жүрекжарды тілегін арнайды.


Бойжеткен қыздарға берілетін бата

Халқымыз қыздарының парасаты мен ажары сай, өнерлі де білімді, іскер болып ержетуін қалаған. Осы мақсатта ел арасындағы абыройлы, өнегелі қариялардың ақ батасын алып отыруды игі үрдіс санап, жас қыздарды игілікті кісілерге сәлем бергізіп, батасын алуға ынталандырған.


Жаңа түскен келінге берілетін бата

Қазақ шаңырағында келіннің ата-енесіне және келген қонақтарға шай құйып, дәм әзірлеп, сый-құрмет көрсетуі – бұлжымас салтымыз. Осындай сәтте төрімізде отырған қариялар өздері ұсынған дәмнен келінге де ауыз тигізеді немесе табақтың түбін, кейде шайдан дәм ұсынады. Сол кезде жас келін орнынан ізетпен тұрып, ұсынылған сыйды қабылдап, үлкендерге иіліп сәлем жасайды. Ал қариялар өз кезегінде жас келінге ұрпақты бол, бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл елдің анасы атан деген мазмұндағы ақ батасын жаудырады.


Күйеубала мен қарындасқа бата

Әдетте, бастарына үй тігіп, бауырларына қазан асып, үйлі-баранды болған білікті күйеу балалар мен қыз-қарындастар ата-ана, аға-бауырларының ықылас-баталарын алу үшін оларды үйлеріне шақырып қонақ еткенде: «бізге баталарыңызды беріңіздер» деп үлкендердің баталарын алады.


Шен-шекпенділерге берілетін бата

Әдетте, ел тізгінін жаңа ұстаған азаматтардың ауыл ақсақалдары мен өнер-білімді, бет-беделді кісілерді, сондай-ақ, туыс-туған, дос-жарандарын шақырып: «алдағы қызметімді қолдап-қуаттап, ақыл-кеңес бере жүріңіздер» деп бата сұрайтын дағдысы бар.

Батаның әр жолы игі ниет, ізгі тілекке толы. Одан өз үлесімді алайын, өмірімді жақсартайын десеңіз, батагөйлерден бата сұраңыз. Сізге келіп біреу қол жайса, есті де орынды бата беруді біліңіз. Әрбір орынды батамен өз орныңыздың да биіктей түсетініне күмәніңіз болмасын.

Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Кесте тігу – қазақ әйелдерінің медитациясы


Талдан түскен ЖАПЫРАҚТАРДЫ өртемей, ПАЙДАҒА ЖАРАТУҒА болады