Қандай SMS- терді телефонда САҚТАУҒА болмайды?

0
1 005


Қандай SMS- терді телефонда САҚТАУҒА болмайды?

Сурет: supersolnishco.net

SMS-хабарламалар біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Жақындармен байланыста болу, қал-жағдай сұрасу, шұғыл хабар, жүрекжарды сөздер, маңызды ақпарат – бәрін жеткізуде ең көп көмектесетін әдіс.

Заманауи смартфондардың жад көлемі үлкен, сондықтан, хабарламаларды өшіріп, тазартып отыруға көп уақыт бөлмейміз. Сансыз SMS-тер сақталып тұра береді. Дегенмен, барлық SMS-хабарламаларды телефонда сақтау қауіпті болуы мүмкін. Кейбірі арам пиғылдылардың назарына ілігіп қалса, өзіңізге зияны тиюі әбден мүмкін. Мұндай хабарламаларды телефонда сақтамай, дереу өшірген дұрыс.


Логин-пароль көрсетілген SMS-тер

Логин мен пароль бар хабарламалар – ең қауіптілердің бірі. Тіркелу деректерін ұмытып қалмау үшін оларды сақтап қою әрине, ыңғайлы. Бірақ сізден де басқа қызығушылық танытатындар болып жатса, өзіңіз тіркелген қандай да бір алаңдағы жеке кабинетіңіздің есігін кез келген адамға айқара ашып береді. Ойындар мен көңіл көтеру қосымшаларының логин-паролі соншалықты қауіпті болмауы мүмкін. Ал банк қосымшалары, электронды почта, әлеуметтік желілердің тіркеу деректерін басқа мақсатта пайдаланса, біраз күтпеген жайсыз жағдайлар орын алады. Сондықтан, логин-парольді сақтау үшін ең жеңіл жол – смартфонды таңдамаңыз. Басқа бір сенімді жерге жазған жөн.


Жеке деректер

Жеке деректері бар хабарламаларды да сақтау қауіпті екені түсінікті. Жеке дерекке: мекенжай, әлеуметтік сақтандыру нөмері, кредит картаның нөмірі, PIN-код және т. б. кіреді. Бұл арнайы жазылған жазба болмауы да мүмкін. Мысалы, сізге курьерлік жеткізу қызметінен үй мекенжайы көрсетілген хабарлама келді делік. Немесе, банк қосымшасы туған күніңізбен құттықтайды. Бұған электрондық пошта мекенжайлары бар хабарламалар, қызметтерге тіркелу туралы хабарламалар және т.б. кіруі мүмкін. Осындай SMS-тердің өзінен болашақта түрлі мақсатта пайдалануды көздеген адам біршама жеке деректерге қол жеткізе алады.


Банк хабарламалары

Банктерден келген хабарламаларды танысқаннан кейін өшіріп отырған абзал. Олар шоттағы қалдық, аударымдар, соңғы транзакциялардың егжей-тегжейін қамтуы мүмкін, сондықтан сақтау ұсынылмайды. Мұндай SMS хабарламаларды оқығаннан кейін бірден жойған жөн.

Егер сізге ақша аударымын жасау үшін бірреттік код келсе және сіз бұл транзакцияны жүргізбеген болсаңыз, SMS-ті өшіру арқылы құпиясанды бірден жойыңыз. Мұндай мәліметтер алаяқтардың қолына түспеуі керек.


Күмәнді хабарламалар мен спам

Күмәнді хабарламалар немесе спам, сілтемесі бар SMS-ті де телефонда сақтамаңыз. Мұндай SMS зиянды сілтемелер немесе вирус тарататын файлдарды қамтуы мүмкін. Бізге келетін SMS хабарламалардың көбі – спам немесе алаяқтық әрекеттерге қатысты болуы мүмкін. Мұндай хабарламаларға назар аудармаңыз, алайда ақпаратты әрқашан тексеріңіз. Барлық хабарламаларға сақтықпен қараңыз — тегін ірімшік тек қақпанда болады.

Бірінші кезекте, сілтемелерді ашудан аулақ болыңыз. Бірақ мұнымен мәселе бітпейді. Хабарлама телефонда сақталып тұрса, сілтемені кездейсоқ басуыңыз мүмкін. Немесе, басқа жақыныңыз қызығушылық танытуы ықтимал. Мысалы, телефонды ойнау үшін алған балаңыз.


Туыстардан келген хабарламалар

Жақын туысыңыздан келген күмәнді SMS-хабарламаға жауап бермес бұрын, сол адамға тікелей қоңырау соғып сөйлесіп, мән-жайды анықтаңыз. SMS нөмірін бұрмалау арқылы туыстарыңыздың атынан жіберілген хабарламалар болуы мүмкін.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Ең ерекше 10 ОЯТҚЫШ: ұйқыдан АНАҢДАЙ ЕРКЕЛЕТІП тұрғызады