Гаджеттер де қателеседі...
Сурет: static.tildacdn.com
Санаңызда қандай сұрақ туса да, жауабын «Алисадан» сұрап, сонымен ақылдасасыз ба? Үйдің тазалығын толықтай робот-шаңсорғышқа тапсырдыңыз ба? Білегіңізге фитнес-трекер тағуды әбден әдетке айналдырдыңыз ба?
Ендеше, ескеріңіз, бұл құрылғылар сізге көмектескенімен қоймай, күнделікті ақпарат жинап, өз жадына жазба түсіріп, сақтап тұрады. Бүгінгі таңда криминалистика мен сот ісі олардың жазбаларын кейбір қиын жағдайларда қажетке жаратып жүр. Яғни, егер ертең біреумен соттасуды шешсеңіз немесе біреу сізді сотқа берсе, гаджет сотта куәгер ретінде бой көрсетуі әбден мүмкін.
Бұл қазірдің өзінде орын алуда. Аризона университетінің криминология саласындағы үш зерттеушісі: Генри Фраделл, Джордж Гриспос және Джихун Джун «Бір жағдайда гаджет қылмыскерді әшкерелеуге көмектессе, екінші жағдайда өз иесін торға отырғызады» деп жазады Conversation журналына арналған мақаласында. Авторлар бүкіл әлемде үлкен резонанс тудырған «цифрлық куәгерлердің» қатысуымен болған үш істі сипаттайды.
Робот-шаңсорғыш иесінің айыбын әшкереледі
2023 жылы қызғаншақ күйеуі әйелін опасыздық жасады деп күдіктенген. Оған бұлтартпас дәлелді робот-шаңсорғыш берді. Оның камерасы әйел мен көңілдесінің интимдік сәтін таспаға жазып алған. Бұл жазба күйеуіне «некелік құқықтарды бұзғаны» үшін $16 000 өндіріп алуға көмектесті. Бірақ кейін сот күйеуінің өзіне жеке өмірді жасырын түсіргені үшін 5 ай абақтыға қамалу жазасын кесіп, айыппұл салды.
Фитнес-трекер алибиді тас-талқан етті
2025 жылы американдық сот Ричард Дабатені кісі өлтіргені үшін айыпты деп тапты. Ол бастапқыда полицияға көз жасын төгіп, үйге қарақшы басып кіріп, әйелін аяусыз өлтіріп кеткенін айтқан. Бірақ марқұмның қолында қалған Fitbit фитнес-білезігі тергеушілерге әйелдің жүрегі дәл қай уақытта тоқтағанын көрсетіп, күйеуінің алибиін бұзды. Жоғарғы сатыдағы сот гаджеттің көрсетпелерін сенімді айғақ деп таныды.
Кардиостимулятор өрт қоюшыны тапты
Қарт кісі полицияға үйіне жаулары өрт қойғанын, ал өзі терезеден әрең секіріп үлгергенін айтқан. Тергеушілер күмәнданып, сот арқылы оның кардиостимуляторындағы деректерді талап етті. Өрт қойылған сәтте шалдың жүрегі бірқалыпты соққаны белгілі болды. «Демек, ол ешқайда қашпаған, бөлмелер арасында асықпай жүрген» деген тұжырым жасалды. Ақыр соңында қарияға «сақтандыру ақшасын алу мақсатында алаяқтық жасады» деген айып тағылды.
«Ақылды» гаджеттен ақпарат алу заңды ма?
«Мұндай оқиғалар үлкен шу тудырады, себебі олар әлі де сирек кездесетін жағдайлар болып табылады», – дейді зерттеушілер. Әрбір жаңа прецедент сот жүйесінде қызу айтыстар мен бұқаралық ақпарат құралдарында желдей ескен жаңалық тудырды.
Әрі осы тұста заң жүйесі күрделі мәселеге тап болды. Ақылды құрылғылар әрбір адамның өмірін қадам сайын тіркеп отырады, прокурорлар мен тергеушілер бұл деректерді пайдаланады» - бұл айтуға ғана оңай ақпарат. Шын мәнінде көптеген елдердің заңдары бұл ақпаратты дұрыс басқаруға әлі дайын емес.
Сатып алынған құрылғыны іске қосып, бастапқы баптауларын жасағанда әдетте көп нәрсеге келісімімізді беріп, «құсбелгіні» басамыз. Көп келісімдердің арасында «жеке деректерді жинау және сақтау» ескертпесі де жүреді. Бірақ бұл тек гаджеттің иесінің ғана келісімі. Ал оның балалары, үйге келген қонақтары немесе курьерлер ше? Олардың ешқайсы шаңсорғыштың пәтерде жүріп, өзін таспаға түсіруіне келісім берген жоқ.
2020 жылы iRobot Roomba J7 Series автономды шаңсорғышының сынақ моделі (тесттік нұсқасы) пәтер ішін тазалау кезінде әжетханада отырған әйелді және басқа да үйдегі көріністерді (мысалы, диванда жатқан кішкентай баланы) түсіріп алған. Бұл фотосуреттер кейіннен әлеуметтік желілерде (Facebook, Discord, Telegram) тарап кеткен.
Суреттегі әйел компаниямен келісімшартқа отырып, жасанды интеллект алгоритмдерін дамытуға арналған арнайы сынама модельді алған. Шаңсорғыштың камерасы барлық заттарды фото/видеоға түсіріп, деректерді серверге жіберетінін білген және бұған жазбаша келісім берген.
Робот-шаңсорғыш бөлмедегі кедергілерді (табалдырық, шұлық, сымдар, жиһаз, т.б.) танып, айналып өтуді үйренуі үшін оған мыңдаған шынайы фотосуреттер базасы қажет болды. 2020 жылы осы платформада жұмыс істеп отырған жауапсыз венесуэлалық қызметкерлер жабық жуынатын бөлмедегі жеке суреттерді көріп, оларды өздерінің жеке чаттарына күлкі үшін жүктеп салып жіберген.
Бұл оқиғадан қандай сабақ алу керек? Ақылды құрылғыларды өндірушілер келісімшартқа «деректерді өңдеуге рұқсат беремін» деген белгіні қойғызу арқылы өздерін заңдық жағынан толық қорғап алады. Үйдегі робот-шаңсорғыш, ақылды колонка немесе видеокамералар тек сізге қызмет етіп қана қоймай, жинаған деректерін бұлтты сервистерге (cloud) жібереді. Сервердегі суреттерді тек жасанды интеллект емес, оны үйрететін әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарапайым фрилансерлер де көре алады. Сондықтан қазіргі таңда жеке бөлмелерде (жататын бөлме, жуынатын бөлме) камерасы бар ақылды гаджеттерді пайдаланғанда немесе оларға рұқсат бергенде өте абай болу қажет.
АҚШ және басқа да көптеген елдердің заңдары полицияға заңсыз алынған айғақтарды пайдалануға тыйым салады. Бұған қатысты ескертпелер өте көп. Егер видеоны көршіңіз немесе қызғаншақ жұбайыңыз жасырын жазып алса, тыйым жұмыс істемейді.
Тыңдау туралы ескі заңдар тек дыбысты басып алудан қорғайды. Робот камерасынан алынған дыбыссыз видеоны пайдалану немесе пайдаланбау туралы да біржақты шешім жоқ, бәрі судьяның көңіл-күйіне байланысты болады.
Гаджеттер де қателеседі
Құрылғылар да тірі куәгерлер сияқты, қателесуге бейім. Бағдарламалық жасақтама жаңартылғанда видеодағы уақыт белгілері ауысып кетеді, ал журналдар нақты адамды емес, тек аккаунтты көрсетеді. Адвокаттар үшін мұндай айғақтарға дау айту оңай.
Заң шығарушылар брендтерді гаджеттердің қорабына: «Абайлаңыз, құрылғы видео жазады және оны серверге жібереді» деп тікелей ескертпе жазуды ұсынады. Сонымен қатар, автомобилдердегі сияқты, ақылды үйлерге де «қара жәшік» орнату идеясы бар. Бұл иесіне құрылғыларыңызға кімнің және қашан қосылғанын көріп, деректерді жинауды бақылауға мүмкіндік береді.
«Ал әзірге нақты ережелер пайда болмағандықтан, үйдегі кей «ақылды» құрылғылар бізді аңдуды жалғастыра береді», – деп қорытындылайды зерттеушілер. Сондықтан үйде жеке құпия-сырларыңызды талқылағанда, бөлмеде гаджеттердің болмағаны, «көрмегені және естімегені» абзал.
Дайындаған: Бауыржан МЕЙІРХАНҰЛЫ,
Тағы да оқыңыз:
Қоғамдық орында КАМЕРАЛЫ КӨЗІЛДІРІКпен видео түсіру ЗАҢДЫ ма?


