​АБАЙ БОЛЫҢЫЗ: Телефонның тез бұзылуына әсер ететін аксессуарлар

0
239


​АБАЙ БОЛЫҢЫЗ: Телефонның тез бұзылуына әсер ететін аксессуарлар

Сурет: media.suara.com

Бүгінгі таңда гаджеттерге арналған аксессуарлар нарығы сан алуан. Қытайлық маркетплейстердегі қолжетімді ұсақ-түйектерден бастап, жоғары бағадағы дизайнерлік өнімдерге дейін таңдау аясы кең. Алайда сервистік орталықтардың тәжірибесі мен мамандардың байқауынша, сатушылар тарапынан «ыңғайлы» немесе «әдемі» деп сипатталатын аксессуарлардың басым бөлігі шын мәнінде құрылғыға зақым келтіріп, тіпті оны толықтай істен шығаруы мүмкін.


Арзан қуат блоктары

«Аты жоқ, жөні жоқ» арзан қуат блоктарын қолдану – құрылғының қуат контролерін күйдіріп, қысқа тұйықталу жасаудың ең оңай жолы. Сапасыз қуаттау блоктарында кернеусіздендіру (стабилизация) және артық жүктемеден қорғау жүйелері атымен жоқ. Қуаты аз болғанның өзінде, олар анық қызып кетеді. Электр желісінде сәл де болсын ауытқу болса, жоғары кернеуді тікелей смартфоныңызға жібереді. Мұндай зарядтағыштарды өрт шығу қаупі жоғары болғандықтан розеткада ұзақ уақытқа қалдыруға мүлдем болмайды.


Шешілмелі штекерлері бар арзан магнитті кабельдер

Идея өте ыңғайлы болып көрінеді: кішкентай магнитті коннекторды Type-C немесе Lightning қосқышына бір рет саласыз да, кейін сымды жақындатсаңыз болғаны. Іс жүзінде бұл аксессуарлар — баяу әрекет ететін бомба. Телефоныңызда үнемі тұратын штекердегі ашық контактілердің кесірінен магнитке ұсақ металл шаңдары жиналады. Сымды кезекті рет қосқанда қысқа тұйықталу орын алып, зарядтау ұяшығының еруіне немесе шлейфтің күйіп кетуіне әкелуі мүмкін.


Темекі тұтандырғышқа арналған арзан автокөлік зарядтағыштары

Көлік салонындағы электр желісі –өте тұрақсыз жүйе. Қозғалтқышты оталдырғанда немесе газды басқанда кернеудің қатты ауытқулары орын алады. Темекі тұтандырғышқа арналған арзан адаптерлер мұндай импульстарды жұмсарта алмайды. Нәтижесінде, артық энергияның барлығы смартфоныңыздың қуат тізбектеріне тікелей соққы болып тиеді. Егер телефон көлікте белгісіз өндірушінің сапасыз адаптерімен үнемі зарядталса, оның қуат контроллері немесе аккумуляторы мерзімінен бұрын істен шығуы әбден мүмкін.


Ауыр металл және алюминий кейстер

Авиациялық алюминийден жасалған қатты чехолдар кез келген құлаудан қорғауға уәде береді. Бірақ екі үлкен мәселе тудырады. Біріншіден, металл смартфонның кірістірілген антенналарын экрандайды (сигналды бөгейді). Телефон желіні нашар ұстай бастайды, соның салдарынан модем үнемі максималды қуатта жұмыс істеп, қызып кетуге және батареяның жылдам отыруына әкеледі. Екіншіден, құлаған кезде қатты металл соққының барлық энергиясын тікелей телефон корпусына береді, нәтижесінде ішкі компоненттерде микрожарықтар пайда болуы мүмкін.


Магнитті ұстағыштарға арналған металл пластиналар

Көптеген адамдар телефонды көліктегі магнитті ұстағышқа ыңғайлы бекіту үшін чехолға болат пластина жапсырып алады. Егер смартфоныңыз сымсыз зарядтауды қолдаса, бұл пластина қауіпті элементке айналады. Телефонды сымсыз станцияға қоюға тырысқанда, индукциялық токтардың әсерінен металл бірден ыси бастайды. Ең жаман жағдайда пластина чехолды тесіп күйдіріп, смартфонның артқы қақпағын қыздырып, аккумулятордың жарылуына әкелуі мүмкін.


Мобильді фотосуретке арналған қысқыш-объективтер

Макро немесе «балық көзі» линзалары бар арзан қондырмалар корпусқа қатты пластик немесе металл қысқыш арқылы бекітіледі. Олардың қысу күші жиі реттелмейді. Камералар блогына бекітілген кезде мұндай қысқыш әйнекке нүктелік қысым түсіреді. Бұл тек микрожарықтардың пайда болуына ғана емес, сонымен қатар оптикалық тұрақтандыру мен автофокус механизмдерін істен шығаруы мүмкін.


Арзан сымсыз зарядтағыштар

Брендтік Qi-станциялар арзан тұрмайды, сондықтан пайдаланушылар жиі қолжетімді баламаларды сатып алады. Мұндай құрылғылардағы сапасыз сымдардың пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен болады. Сондықтан энергияның басым бөлігі батареяны зарядтауға емес, жылуға кетеді. Смартфон тұғырда сағаттап жатып, (+45)-(+50)°C-қа дейін қызады. Үнемі қатты қызып кету аккумулятор ресурсын құртатын басты фактор.


Желдеткіш кулерлер

Смартфонмен жиі ойын ойнайтындар артқы панелін салқындату үшін сыртқы кулер қолданып жатады. Алайда мұндай аксессураларда Пельтье элементі бар, яғни, бір жағын белсенді түрде салқындатып, екінші жағын қыздыратын термоэлектрлік түрлендіргіш қолданылады. Іштегі ыстық процессор мен сырттағы салқын кулер арасындағы температураның кенеттен ауытқуынан смартфон корпусының ішінде конденсат пайда болуы мүмкін. Платадағы ылғал тамшылары коррозия мен сынудың себебіне оңай айналады.


Қатты пластик қалташасы бар кітапша-чехолдар

Экранды жабатын чехол телефонды жан-жағынан қорғайтындай көрінеді. Бұндай «кітапшаның» ішкі қалташаларына пластик карталарды салсаңыз, телефон қалтада немесе сөмкеде жүргенде, олар жүріс кезінде дисплейге үздіксіз үйкеле бастайды. Карта мен экран арасына түсетін құм түйіршіктері егеуқұм қағазы сияқты жұмыс істеп, әйнекте ешқандай қорғаныс пленкасы жаба алмайтын терең сызаттар қалдырады.


Жүзуге арналған гидрофобты чехол-пакеттер

Зип-құлыптары бар мөлдір жұмсақ чехолдарды теңізде су астында фото-видео түсіру үшін немесе жағажайда телефонды қорғау үшін сатып алады. Олар жасалған поливинилхлорид күн астында тез қатайып, көзге көрінбейтін микрожарықтармен қапталады. Ішіне тұзды теңіз суы құйылуы үшін ілмекті бір рет тығыз жаппау немесе су астында кепкен пластикті кездейсоқ бүгу жеткілікті. Тіпті IP68 қорғанысы бар телефондар да мұндай шомылудан аман қалмауы мүмкін.


Пішінді қалың чехолдар

Қазір пластиктен, жүн немесе түкті бұйымдардан түрлі элементтер жапсырылған, белгілі кейіпкерлер формасындағы көлемді чехолдар сәнді саналады. Дегенмен, олардың да үнемі пайдалану қауіпсіз емес. Материалдың қалың қабаты телефон корпусының жылуды шығаруына кедергі жасайды, сондықтан зарядтау, навигатор режимінде жұмыс істеу немесе ұзақ бейнебаяндар түсіру кезінде процессор мен батарея қызып кете бастайды. Бастапқыда телефон баяулап, қатып жұмыс істейді, ал кейінірек батареяның өздігінен ұстау уақыты едәуір төмендейді. Сонымен қатар, мұндай чехолдар сымсыз зарядтауды бөгейді және байланыс сапасын нашарлатуы мүмкін.


Арзан магнитті пауэрбанктер

Өзіңізбен бірге сымды қажет етпейтін, телефонның артқы панеліне жапсыра салатын жұқа әрі ақшам аккумуляторын алып жүру тамаша шешім. Бірақ бұл үшін тексерілген брендтердің сапалы модельдерін ғана қолданған абзал. Иә, олар қымбат тұрады, ал маркетплейстер арзан баламаларға толы. Дегенмен, олардың сапасы күмәнді. Сондықтан тез қызып кетіп, пауэрбанктің өзін де, смартфонның батареясын да біртіндеп құрту қаупі жоғары.


MagSafe аксессуарлары

Магнитті попсокет, штатив немесе картхолдер телефонды істен шығаруы екіталай, бірақ сыртқы тауарлық түрін бұзуы мүмкін. Егер жанасатын жердегі материал қатты болса, бұрандалар немесе нашар қиюластырылған жіктер болса, ол артқы панельде өте терең сызаттар қалдырады. Тіпті резеңкеленген «табаны» бар қымбат брендтік аксессуарлар да, егер олардың астына құм түйіршігі түссе, зиян келтіруі мүмкін, сондықтан оларды Айфонның өзіне емес, чехолға бекіткен дұрыс.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ЫСТЫҚ күнде СМАРТФОНДЫ да ҚОРҒАУ керек

БАУ-БАҚШАға баланы емес, РОБОТты жұмсай аласыз