Оғаш көрінгенмен, пайдасы көп 5 спорттық жабдық

0
247

Стандартты емес спорттық құралдар көбіне нақты мақсаттар үшін жасалады


Оғаш көрінгенмен, пайдасы көп 5 спорттық жабдық

фото: i.ebayimg.com

Кейбір спорттық керек-жарақтар үйреншікті емес, тіпті көзге оғаш көрінуі де мүмкін. Әсіресе, тек гантельмен немесе кілемшемен жаттығып үйренген жандар үшін бұл дүниелер мүлде таңсық.

Стандартты емес спорттық құралдар көбіне нақты мақсаттар үшін жасалады: тепе-теңдікті жақсарту, қозғалысты күшейту немесе қолдың ұстау күшін дамыту. Олардың басты міндеті – қозғалыс механикасын өзгерту. Соның нәтижесінде аз жұмыс істейтін бұлшықеттер іске қосылады. Ендеше, пішіні ерекше, бірақ тиімділігі жоғары бес құрал жайлы біле жүріңіздер.


Қол күшін дамытуға арналған тренажер

Бұл тренажер (эспандер – саусақтармен және алақанмен сығатын ықшам құрал) өте ерекше көрінеді. Сырттай ол серіппелі тұтқаларға, сақинаға ұқсайды. Онымен тұрақты жаттығу жасау білек пен алақанды нығайтуға көмектеседі. Бұл турникке тартылу, гантельмен жұмыс істеу және функционалды жаттығулар кезінде өте пайдалы. Қолдың ұстау күші қозғалысты тұрақтандырып, салмақты жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жаттығуларды негізгі тәсілдер арасында немесе демалыс кезінде де жасауға болады.


Реакциялық доп

Реакциялық допты ерекше пішінінен бірден тануға болады. Бетінде бірнеше бүршіктері бар, соның кесірінен ол еденнен күтпеген бағытқа қарай секіреді. Бір қарағанда ойыншық сияқты көрінгенімен, іс жүзінде үйлесімділік пен реакция жылдамдығын дамыту үшін белсенді қолданылады. Жаттығу кезінде допты еденге немесе қабырғаға лақтырып, оның қай бағытқа секіретінін аңдып, ұстап алу керек. Траектория үнемі өзгеріп отыратындықтан, тез әрекет етіп, қимылдауға тура келеді. Мұндай жаттығулар ептілікті, зейін қоюды және қозғалыс үйлесімділігін жақсы дамытады.


Тепе-теңдік жастықшасы

Тепе-теңдік жастықшасы – бұл іші ауаға толтырылған жұмсақ диск. Егер осындай жастықшаның үстінде отырып-тұру, планка немесе аяққа арналған жаттығуларды жасасаңыз, дене автоматты түрде тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бұл координацияны жақсартуға көмектеседі және дененің негізгі бұлшықетіне қосымша салмақ түсіреді.


Слайдерлер

Слайдерлер – жаттығу кезінде қолдың немесе аяқтың астына қойылатын шағын дискілер. Олар еден бетінде сырғанайды және қозғалысты үнемі бақылауда ұстауды талап етеді. Мысалы, слайдерлермен сырғанау арқылы адымдау немесе аяқты қозғалту арқылы планка жасау жеңіл болады. Мұндай жаттығулар бұлшықеттерге көбірек күш түсіреді, өйткені қозғалысты кез келген жерде тоқтата салу мүмкін емес.


Жұмсақ кір тасы

Жұмсақ гір тасы классикалық түрден ішінде құмы немесе басқа толтырғышы бар болуымен ерекшеленеді. Оның пішіні де үйреншікті емес, ал қозғалыс кезінде ішіндегі салмағы ары-бері ауысып отыруы мүмкін. Бұл жаттығуларды жан-жақты ете түседі. Дене қозғалысты тұрақтандыру үшін белсендірек жұмыс істейді, ал салмақ бірнеше бұлшықет тобына тең бөлінеді.


Неліктен спорттық жабдықтың ерекше пішіні маңызды?

Мұндай құралдардың көпшілігі бір ғана мақсатпен жасалады — үйреншікті жүктемені өзгерту. Жаттығу тұрақсыз болса немесе салмақ күтпеген жерден ауытқыса, дене басқаша жұмыс істей бастайды.

Мұндай жағдайда тұрақтандырғыш бұлшықеттер іске қосылады. Олар дененің дұрыс қалыпта тұруына көмектеседі және қозғалыс кезінде буындарды зақымданудан қорғайды. Сонымен қатар, ерекше жабдықтар жаттығуды қызықты ете түседі. Жаңа нәрселер спортқа деген ынтаны арттырып, жаттығуларды жүйелі түрде жасауға септігін тигізеді.

Жоғарыдағы құралдардың бірін жаттығуыңызға қосып көріңіз. Ол үйреншікті спорттық дағдыңызды айтарлықтай өзгертуі мүмкін.

Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Өзіңе ЖАҚСЫЛЫҚ жасау ФИТНЕСтен басталады