​Байқадыңыз ба, кинодағы ЗҰЛЫМДАР iPhone ҚОЛДАНБАЙДЫ

0
73

Мұның сыры неде екенін білгіңіз келе ме?


​Байқадыңыз ба, кинодағы ЗҰЛЫМДАР iPhone ҚОЛДАНБАЙДЫ

Сурет: ЖИ

Құпияға толы қылмыс жайлы детектив көріп отырсыз делік. «Кейіпкерлердің қайсысы қылмыскер?» деп басыңыз қатады. Біреуі күдікті көрінеді, сәлден соң ақтап алады. Бірі тым мейірімді, сонысымен ойға күдік салады. Бір қызығы, осындай басты интриганы соңына дейін сақтайтын фильмдерде көрерменге елеусіз бір белгі о бастан болады. Кино біткен соң «Қап, басынан-ақ осыны қалай байқамадым?» деп ойланасыз. Сондай шешімдердің бірі – кейіпкерлердің қолында, яғни, олар қолданатын смартфон.


Кинодағы зұлымдар iPhone ұстамайды

Бұл әзіл емес. 2020 жылы режиссер Райан Джонсон («Жұлдызды соғыстар: Соңғы джедайлар», «Пышақтарды ұстаңыз») Vanity Fair журналына берген сұхбатында бір сырды ашты. Ол Apple компаниясының фильмдердегі жағымсыз кейіпкерлердің қолына iPhone ұстатуға қатаң тыйым салатынын мәлімдеді.

Apple неге бұлай етті дерсіз? Мәселенің мәні – имиджде. Компаниясы өз өнімдерін сапа, табыс және жоғары талғамның символы ретінде қалыптастырған. Жылдар бойы жинаған осы беделді бұзғысы келмейтіні түсінікті. iPhone-ның қылмыскермен, қанішермен немесе жай ғана жағымсыз кейіпкермен байланысы болуын мүлде қаламайды. Сондықтан «Компания өнімдері тек ең жақсы жағынан, оң контексте, Apple мен оның өнімдеріне қолайлы жағдайда көрсетілуі тиіс» деген ресми ереже бекіткен.

Голливудта бұл әдісті «No Villain Clause», яғни «зұлымдарға қатысты тармақ» деп атап кеткен. Реквизит мамандарының айтуынша, Apple iPhone пайдаланылатын көріністерді егжей-тегжейлі сипаттауды талап етеді. Егер ұнамаса, оны қолдануға тыйым сала алады. Мысалы, бір фильмде кейіпкердің рөлде отырып мас күйінде телефонға қараған көрінісінде iPhone-ды қолдануға рұқсат бермеген.

Жарнамаға аса мұқтаж емес компания кинода өнімдерін көрсеткені үшін ақы төлемейді. Бірақ түсірілім үшін құрылғыны тегін ұсынады. Бұзылмауы тиіс бір ғана шарты: «Тек жақсы жігіттер үшін».


Қай фильмдерден көре аласыз?

«Пышақтарды ұстаңыз» (2019) фильмінде барлық кейіпкер дерлік iPhone қолданады.Тек біреуінен басқасы. Соңында қанішер болып шығатын жалғыз кейіпкер басқа бренд өнімін таңдаған. Apple ережесін білетін киносүйер қауым түйіннің қалай шешілетінін iPhone-ның көмегімен финалға дейін-ақ болжай алады.

Қытайлық «Жоғалған әйел» (2023) детективінде де дәл осындай тәсіл қолданылған. Барлық жағымды кейіпкерлердің қолында – iPhone, ал басты зұлымда – басқа бренд.


Ережені бәрі ұстана ма?

Кей жағдайларда кино түсірушілер тәуекелге бел буып, Apple-дің бұл ережесін ескермеуге шешім шығарады. Apple-мен қақтығысуға дайын екенін көрсеткендердің бірі – «Тұзақ» (2024) авторлары. Хоррорда сериялы қанішер iPhone-ға өте ұқсас телефонды пайдаланады.

Кейде режиссерлер амалын табады. «Пышақтардың шыны түйіні: Жұмбақ пышақтар» (2022) фильмінде режиссер өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын амал қолданды. Ол ереже де бұзылмауы әрі жұмбақтың шешуі алдын-ала білініп қалмауы үшін ешбір кейіпкерге iPhone ұстатпады. Осылайша, зұлымның кім екені құпия болып қалды. Сондай-ақ, «24 сағат» (2001–2010) сериалында «жақсы жігіттер» Mac қолданса, зұлымдар Windows ПК қолданған.


Өзге брендтерде осындай талап бар ма?

Өз өнімдерінің экранда қалай көрінетінін қатаң қадағалайтын жалғыз Apple емес. Көлік өндірушілер де көбінесе өз машиналарын қуғын немесе апат көріністерінде пайдалануға тыйым салады екен. Айталық, Tesla өз электр көліктерін сынып қалатын немесе жол апатына ұшырайтын көріністер үшін бермейді деген сыбыс бар. Ал Coca-Cola кадрдағы қоқыс жәшіктеріне өз банкаларының түсіп кетпеуін талап еткен.

Джонсонның сұхбатынан, Apple-дің тыйымынан хабары бар миллиондаған көрермен кейіпкерлердің қандай телефон ұстағанын мұқият бақылайтын болған. Енді олардың қатарына Сіз де қосылдыңыз.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Бұл ФИЛЬМдерді көрсеңіз, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІлерді өшіріп тастайсыз


Балаңыз бақшада ТАЯҚ ЖЕП жүрген жоқ па? Ата-ана нені бақылауы керек?