Бүлдіршіндер арасында қатыгездік пен агрессия тамыр жая бастаған
Сурет: ЖИ
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіге көпшіліктің көңілін нілдей бұзған видео жарияланды. Жазбада таспаланған жағдай, расында, жаға ұстатарлық.
Бөбекжай қабырғасындағы бейнебақылау құрылғысына тәрбиеленушілердің бір-бірін ұрып, тіпті беттерін көгертіп, тепкілеп жатқаны жазылып қалған. Тепкі көрген бүлдіршіннің бірнеше уақыт бойы қимылсыз жатқанына қарап, анасы оны талып қалған да болуы мүмкін деп болжауда.
Әдетте, балалар ойнап жүріп таласып, төбелесіп қалса, «қалыпты әдеті» деп қараймыз. «Балалардың арасына түспеу керек» деген түсінік те бар. Қазір-ақ татуласып, қайта ойнап кетеді деп күтеміз. Көп жағдайда солай боп жатады. Бірақ жұртшылықтың жүрегін ауыртқан дәл осы жайт – баланың ойыны немесе еркелігі деп қарауға болатын көрініс емес. Қоғам болып назар аударуға тиіс бірнеше мәселенің бетін ашатын дабыл. Біз «періште» деп қарайтын бүлдіршіндер арасында қатыгездік пен агрессияның тамыр жая бастағанын көрсетеді. Балабақша мен отбасы арасындағы байланыстың әлсірегенін аңғартады. Ата-ана «Балам үшін ең қауіпсіз әрі сенімді орын» деп қалдыратын мекенде қауіпсіздік мәселесі қатты ақсайтынын ащы шындық ретінде бетке басады.
Бүгінгі заманның балалары үшін балабақша – күннің көп бөлігін өткізетін екінші үйі. Ол жерде тек тамақ ішіп, ұйықтау емес, тұлға ретінде қалыптасу үдерісі жүреді. Олай болса, балалардың бір-біріне агрессия көрсетуін қалай түзеуге болады? Баланың қауіпсіздігі үшін ата-ана мен тәрбиешілер нені жіті бақылауға тиіс?

«Бала қатыгез болып туылмайды»
Осы оқиғаға байланысты өз пікірін білдірген мектепке дейінгі тәрбие саласының маманы Айнұр Оралқызы «Бала агрессиясы – бұл оның көмек сұраған дабылы» дейді.
Тәжірибелі тәрбиешінің айтуынша: «Бала дүниеге тумысынан қатыгез немесе жаман болып келмейді. Оның мінез-құлқындағы кез келген згеріс – сыртқы ортаның әсері мен ішкі эмпатияның жетіспеушілігі. Бала – айна. Ол үлкендердің жасағанын, айтқанын, тіпті үйдегі көзқарасты бұлжытпай қайталайды. Егер бала жұдырық ала жүгірсе, демек, ол агрессияны бір жерден көріп, не өзі сондай қысымды бастан кешіріп жүр деген сөз.»
Баладағы агрессияның негізгі 3 себебі
А. Оралқызы балалардың бір-бірін ренжітіп, соққыға жығуының астарындағы негізгі себептері жайлы өз тұжырымдарымен бөлісті.
1-себеп: Эмоцияны басқара алмау және коммуникация құра алмау. Жас балалар өз сезімін, ренішін сөзбен жеткізе алмаған соң, физикалық әрекетке (итеру, тістеу, ұру) көшеді. Бұл – олардың шешім табудың басқа жолын білмейтіндігінің белгісі.
2-себеп: Экран мен гаджеттердің әсері. Бүгінгі таңда көптеген балалар интернеттен зорлық-зомбылыққа толы мультфильмдер мен ойындарды шектен тыс көп көреді. Ондағы кейіпкерлердің бірін-бірі ұрып-соғуы, былапыт сөздер қолдануы бала санасына қалыпты жағдай ретінде сіңіп қалады.
3-себеп: Назардың жетіспеушілігі. Жұмысбасты ата-ана үйде балаға жеткілікті көңіл бөлуіне уақыт тапшы. Балабақшада басқа да міндеттерін орындауы барысында тәрбиешінің назарынан тыс қалады. Нәтижесінде бүлдіршін өзіне назар аударудың ең оңай жолы – шу шығару, басқаны ренжіту деп түсініп, әрекетке көшеді.
Ата-анаға кеңес
Баланың қысым көріп жүргенін қалай білуге болады? Балабақша тәрбиеленушісі - әлі тілі толық шықпаған сәби. Ойын ұғынықты айтып жеткізе алмайтын бүлдіршін. Қандай жағдайларды үлкендерге айту керегін іріктей алмайтын, көмек сұрауды білмейтін, немесе тіпті басқа нірсеге алданса болды, ұмытып кететін ойын баласы. Кейде «ата-анам ұрсады» деп қорыққаннан да бақшада көрген қиянатын жасырып қалуы мүмкін. Дегенмен, баланың бойындағы әрбір оң және теріс өзгерістерді бақылап, бағамдау ата-ананың міндеті. Сақтық үшін мына белгілерге мән берген жөн.
Баланың мінез-құлқы кенеттен өзгеруі. Мәселен, тұйықталып қалу, мазасыздық, кенеттен жылау. Әсіресе «Бақшаға бармаймын!» деп жыласа, мұны еркелік, қыңырлық деп елеусіз қалдыруға болмайды. Балабақшадан жақсы әсер алған бала баруға асығады.
Бақшаға барар кезде немесе барған соң іші, басы, т.б. ауырып тұрғанын айтып шағымдану. Аурудың басқа еш белгісі жоқ болса, өтірік сылтау іздеп тұр деп ойлаймыз. Өйткені көп жағдайда түс ауа немесе үйге келген соң өздігінен жазылып кетеді. Бірақ, шын мәнінде мұндай ауырсыну психологиялық қысым, эмоционалды ауыртпалықтың әсерінен де болуы мүмкін. Бала қатты стресс пен үрей үстінде болғанда, ағза шынымен де іштің немесе бастың ауырсынуы арқылы реакция береді.
Денесінен (қолы, беті, арқасы) беймәлім көгерген жерлерді, тырнақ іздерін байқау. Иә, көбінесе өзі ойнап жүріп құлауы немесе соғылып қалуы мүмкін. Дегенмен, мұндай іздерді көрген сайын «Мына жеріңе не болды?» деп сабырмен сұрап, анықтау артық болмайды.
«Ең бастысы – баламен күнделікті сөйлесу әдеті. «Бүгін бақшада не қызық болды?» деп сұрай салмай, «Бүгін кіммен ойнадың? Қандай ойын ойнадыңдар? Жылаған жоқсың ба? Көңіл күйің түскен сәттер болды ма? Сенің досың кім? Қай баламен дос емесің? Неге онымен достаспайсың?» деп сұрақтар қойып, сыр тартыңыз. Егер бала қысым көріп жүрсе немесе өзі біреуді ұрғаны анықталса, ұрысуға, жазалауға асықпаңыз. Бұл туралы тәрбиешіден сұрастырып, балабақша басшылығымен сөйлесіп, мән-жайын анықтаңыз. Балаңызға оны қорғайтыныңызды, қолдайтыныңызды сезіндіріңіз» деп кеңес береді балабақша қызметкері А. Сейітбекова.
Мектепке дейінгі мекемелер тек «бала қарап отыратын» орын емес. Ол жерде қатаң қауіпсіздік жүйесі жұмыс істеуі тиіс.
Бейнебақылаудың ашықтығы. Әр топ бөлмесі мен ауласы ата-аналарға онлайн түрде немесе қажет жағдайда қарауға қолжетімді болуы керек. Бұл тәрбиешілердің де жауапкершілігін арттырады.
Психологиялық қызмет. Әр балабақшада штаттық психолог жұмыс істеп, балалардың өзара қарым-қатынасын бақылап, агрессияның алдын алу үшін арнайы тренингтер өткізуі тиіс.
Тәрбиешілердің жүктемесін азайту. Бір тәрбиешіге 25-30 баладан келуі – сапалы тәрбие мен қауіпсіздікке үлкен қатер. Топтардың шағын болуы және тәрбиешінің мойнында қосымша міндеттердің болмауы әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
А. Оралқызы мемлекеттік балабақшаларда аталған қауіпсіздік шараларының жүйелі жолға қойылғанын, алайда жекеменшік мекемелерде бірқатар мәселелелердің әлі де бой көрсететінін атап өтті. Мәселен, бақылау камерасы орнатылған, бірақ жазба жүргізілмейді, психолог қызметі қарастырылмаған, бала күтуші және тәрбиеші ммандарының жетіспеушілігі сияқты олқылықтар табылатынын, бұл балалардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін жеткізді.
«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Балабақшадағы төбелес пен агрессия – тек сол балалардың немесе бір тәрбиешінің ғана кінәсі емес. Ата-ана – балабақша – қоғам үштігінің тәрбие іргетасын сапалы қалай алмауының салдары. Саналы, мейірімді ұрпақ өсіру үшін отбасы мен балабақша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істегенде ғана мәселенің тамырына балта шаба аламыз.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


