Сурет: kz.kursiv.media
Жыл сайын автонарықта жаңа үлгілердің саны артып жатыр. Бәрі де бұрынғысынан көрі жақсару, жетілдірілу үстінде. Жаңа ыңғайлы, пайдалы фукнциялар қосылуда. Сөйте тұра, жүздеген мың шақырымды ақаусыз еңсеретін, ұзақ жылдар қалтқысыз қызмет ететін көлікті табу оңай емес.
Америкалық Jalopnik басылымы ең төзімді, ең ұзақ қызмет етуімен ерекшеленетін сенімді көліктердің бестігін іріктеді.
Chevrolet Silverado
Chevrolet Silverado пикабы өз санатында ең төзімді көліктердің бірі ретінде танылды. Бұған дейін ол J.D. Power сенімділік рейтингінде көш бастаған. Үш жыл мінген көлік иелерінің арасында шағымданғандар өте аз болған. Бұл модель айрықша мықтылығымен ғана емес, заманауи мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді. Соңғы шыққан үлгілері тіпті жүргізушісіз басқару жүйесімен жабдықталды.
Қазақстанда ресми дилерлер Silverado сатпайды, бірақ оны екінші нарықтан табуға болады. Бағасы 20,8–32 миллион теңге аралығында.
Honda Accord
Toyota Camry мен Honda Accord модельдерін салыстырғанда, сарапшылар Accord-ты серпінді басқаруымен ерекшеленеді дейді. Бұл көліктің иелері маңызды техникалық ақаулармен бетпе-бет келуі сирек. Сарапшылар Accord-ты алғаш рет көлік сатып алғалы жатқан адамдар үшін тамаша таңдау деп санайды.
Қазақстанда бұл модельді жеке делдалдар арқылы тапсырыспен алдыруға болады. Барлық шығындарын есептегенде, көліктің құны 16-17 миллион теңге шамасына шығады.
Toyota Sienna
Toyota Sienna минивэні отбасылық сапарлар үшін тамаша нұсқа саналады. Бұрынғы буындары Қазақстанда үлкен танымалдыққа ие болды. Жүректерді кеңдігімен жаулаған бұл көлік ең сенімділердің де қатарынан орын алды. Онда бәрі егжей-тегжейге дейін ойластырылған: сусындарға арналған тоңазытқыш, шағын шаңсорғыш, артқы жолаушыларға арналған мультимедиа жүйесі бар. Соңғы нұсқасында тіпті орындықтарды сканерлеп, салонда ұмыт қалған баланы еске салатын жүйе орнатылған.
Жапон минивэнінің су жаңасы салондар мен жеке дилерлерде 30,8–34,3 млн теңге аралығында сатылып жатыр.
Toyota Prius
Гибридті Toyota Prius – баға мен сапаның оңтайлы тепе-теңдігін ұсынатын көлік. Электр қуатының арқасында жүргізушілер жанармайдан ақшаны айтарлықтай үнемдейді. Бір толық қуаттандырумен 72 км-ге дейін жол жүруге болады. 2025 жылғы нұсқасында 196 аттың күші бар. Сондай-ақ толық жетекті және розеткадан қуат алатын нұсқасы да бар.
Prius-ты тапсырыспен алдыру құны шамамен 20 миллион теңге.
Honda CR-V Hybrid
Honda CR-V Hybrid – өндірушінің қазіргі модель қатары арасында ең танымал кроссовер. Жеңіл жолсыз жерлерге де жарамды, қалалық жүргізу үшін де өте ыңғайлы. Үнемі жаңартылып отыратын бұл модель соңғы 25 жылда АҚШ-та ең көп сатылған SUV болып табылады (Honda дерегі бойынша). Бұрынғы буындары Қазақстанда да сұранысқа ие болды.
Қазір бұл кроссоверді елге 19,5–22,8 млн теңге аралығында жеткізуге болады.
Сондай-ақ, J.D. Power агенттігі де «сенімді автокөліктер» зерттеуі бойынша өз нұсқаларын жариялады. Бұл агенттіктің мамандарының көзқарасымен 2025 жылы ең ұзақ мерзімді әрі сенімді брендтер ретінде Lexus, Nissan және Hyundai танылды. Жүргізілген сауалнама көрсеткендей, премиум көліктерге қарағанда жаппай сатылатын (mass-market) модельдер мықтырақ көрінеді.
J.D. Power мамандары жүргізген зерттеуге АҚШ-та жаңа көлік сатып алған және жалға алған 92,7 мың автокөлік иесі қатысқан. Оларға көлікті пайдаланудың алғашқы 90 күнінде туындаған 227 түрлі мәселе бойынша сұрақтар қойылды. Нәтижесінде, әр 100 көлікке шаққандағы шағым саны бойынша рейтинг жасалды.
Көшбасшылар:
- Lexus — ең сенімді бренд ретінде бірінші орын алды. Бұл марка жинақ сапасы, қолайлылық және технологиялық жабдықталу бойынша үздік нәтиже көрсетті.
- Nissan — екінші орын.
- Hyundai — үшінші орын, бұл бренд қолжетімді әрі сенімді көлік жасаушы ретінде өз орнын нығайтты.
- ТОП-10 қатарына сондай-ақ Jaguar, Chevrolet, Honda, Dodge, Kia, Buick және Genesis кірді.
- Ал премиум-сегменттегі Volvo мен Audi рейтингтің төменгі сатысында қалды. Сарапшылар мұны сандық жүйелердің күрделілігімен және клиенттердің жоғары талаптарымен түсіндіреді.
- Бір қызығы, Porsche 911 ең аз шағым түскен модель атанды.
Сонымен, қай көлік сенімдірек?
Ең сенімді деп бензинді және дәстүрлі гибрид (HEV) көліктер аталды.
Қуат көзіне қосылатын гибридтер (PHEV) мен электромобильдер (BEV) тұрақтылық жағынан әлсіздеу болды. Дегенмен, Tesla электромобильдерінің сапасын жақсарта алды.
Жаңа, толық өзгертілген модельдерде шағым саны көбірек, ал жаңартылған (рестайлинг) нұсқалар сенімдірек болып шықты.
Көптеген шағымдар мультимедиа жүйелеріне қатысты. Сенсорлы экрандар мен физикалық батырмалардың болмауы — негізгі функцияларға қолжетімділікті қиындатады.
Сонымен қатар, жүргізушілер заманауи көп реттік бөтелкелерге сай келмейтін ыңғайсыз стақан қойғыштар туралы жиі шағымдануда.
Жаппай сатылатын көліктер күрделі технологиялары жоқ, қарапайым және күнделікті қолдануға ыңғайлы.
Қазақстандағы жағдай
Қазақстанда сенімді көліктер қатарында Nissan, Hyundai және Chevrolet брендтері кеңінен танымал. Бұл маркалар жаңа көлік нарығында ғана емес, екінші нарықта да тұрақты түрде сатылымда көш бастап келеді.
J.D. Power сарапшылары көліктің сенімділік деңгейі брендтің мәртебесіне емес, автоның техникалық мүмкіндіктеріне қарап бағаланғанын атап өтті. Бұл Қазақстан тұтынушылары үшін де аса маңызды. Себебі көлік таңдағанда тек брендтің беделіне емес, нақты сапалық деректерге сүйенген дұрыс.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: