Chevrolet Cobalt пен Changan: қазақстандықтар қайсысын таңдайды?

0
249


Chevrolet Cobalt пен Changan: қазақстандықтар қайсысын таңдайды?

Әлеуметтік желіде қытайлық Changan автокөлігіне қатысты әзіл видео пайда болды. Бейнежазбада «Changan» образындағы адам бүгінге дейін танымал болған көлік маркаларын (Ауди, Тойота, БМВ, т.б. оразындағы адамдарды) есіктен кірген бойда шапалақпен бір тартып, жолынан алып тастайды. Ал Chevrolet-тің кезегі жеткенде, кіріп келген Cobalt-ты қанша ұрса да, ол орнынан тапжылмайды. Әзілге құрылған бейнежазбаның желіде желдей есіп, кең тарағанынан-ақ «астарлы ақиқаты» барын аңғару қиын емес. Екеуі беттесіп, егесіп, бір-бірін ала алмай тұрғаны – бүгінгі Қазақстан автонарығындағы жағдайды дәл суреттейтіні айқын.

Қазақстандағы автонарықта соңғы жылдары Chevrolet Cobalt пен Changan Alsvin үлгілері айтарлықтай танымал бола бастады. Қолжетімді бағамен, сонымен қатар төзімді әрі жайлылық деңгейі жоғары көлік құрастыру – оңай шаруа емес. Нарықты Қытай автокөліктері жауламай тұрып, «жұмыскер» көлік қызметін Chevrolet маркасының Nexia, Gentra, Cobalt секілді үлгілері сәтті атқарып келген еді.

Ал қазір дәл осындай мақсатқа арналған қытайлық үлгілер қаптап, олардың арасынан Changan көлігі сатылым рейтингінде біртіндеп көтеріліп, Chevrolet-ке лайықты бәсекелес болып келеді.

Неге олар Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғанының сырын түсіну үшін Chevrolet Cobalt пен Changan Alsvin автокөліктерінің салыстырмалы талдауын жасап көрдік.

Екеуі де қолжетімді бағада, отын үнемдеуі жақсы, әрі такси парктері мен жеке жүргізушілер үшін тиімді нұсқа болып тұр.


Chevrolet Cobalt-тың артықшылықтары

Сенімділік. Cobalt — General Motors концернінің өнімі, сондықтан мотор, трансмиссия секілді негізгі агрегаттары тексерілген, ұзақ мерзімді пайдалануға жарамды.

Классикалық автомат (6АТ). Жайлы әрі түсінікті басқару. Автомат қораптарға қарағанда ақауға бейім емес.

Кеңдік. Салон мен жүксалғышы кең (563 л) болғандықтан, отбасылық көлік немесе такси ретінде өте қолайлы.

Отандық жинақ. Осының арқасында бағасы қолжетімді, бөлшектері де оңай табылады.

Кемшіліктері:

Дизайны мен интерьері қарапайым. Ішкі әрлеу материалдары сапасы жоғары емес, технологиялары шектеулі.

Жаңа технологиялардың жетіспеуі. Мысалы, мультимедиа, LED-оптика сияқты заманауи функциялар толық емес.

Қалалық отын шығыны жоғарырақ (≈7.5–8 л/100 км).


Changan Alsvin-нің артықшылықтары

Бағасы төмен және функциясы көп. Бағасына қарағанда жабдықталуы жақсы (сенсорлық экран, артқа қарау камерасы, климат-бақылау және т.б.)

Заманауи дизайн. Жастарға ұнайтын сыртқы көрініс және интерьер.

Экономды қозғалтқыш (1.5 л). Орташа отын шығыны 6–6.5 л/100 км.

Жеңіл конструкция. Көліктің құрылымы жеңіл болған сайын, жылдамдыққа тезірек жетеді.

Кемшіліктері:

Роботтандырылған трансмиссия (AMT/DCT). Жаңадан үйренген жүргізушілер үшін бұл автокөлікке бой үйрету қиындау. Төмен жылдамдықта сілкініс байқалады.

Қытай брендіне сенім деңгейі төмен. Сервистік желісі шектеулі, бөлшектер кейде кеш жеткізіледі.

Тар кеңістік. Салон кеңдігі бойынша Cobalt-тан кем. Әсіресе артқы қатардағы орын тарлау.


Неге бұл екі көлік Қазақстанда өтімді?

1. Қолжетімді баға

Қазақстанда автонарықта баға шешуші рөл атқарады. Әсіресе 2023–2025 жылдар аралығында көлік бағалары күрт өсіп, халық бюджеттік седан түрлеріне бет бұрды. Cobalt пен Alsvin — өз класындағы ең арзан әрі жаңа көліктердің бірі.

2. Такси қызметіне жарамдылық

Uber, Yandex Go секілді онлайн такси платформаларына бейімделген. Үнемді, кең, жөндеуге оңай көліктер таксистер таңдауына бірінші кезекте ілігеді. Cobalt тұрақтылығымен, Alsvin үнемділігімен ерекшеленеді.

3. Жаңа көліктің артықшылығы

Жаңа көлік алған кезде техникалық байқаудан, кедендік рәсімнен немесе күрделі жөндеуден өту қажеттілігі болмайды. Бұл артық шығыннан қашатын жүргізушілер үшін маңызды фактор.

4. Кепілдік және бөліп төлеу бағдарламалары

Changan мен Chevrolet ресми дилерлері 3–5 жылдық кепілдік пен бөліп төлеу ұсыныстарын (лизинг, несие) белсенді түрде ұсынады. Бұл көлікке қол жеткізуді жеңілдетеді.

5. Бөлшек базасының бар болуы

Chevrolet Cobalt–қа арналған қосалқы бөлшектер мен қызмет көрсету желісі әлдеқайда дамыған, ал Changan Alsvin де Қазақстанда біртіндеп тұрақтанып келе жатыр.

Қазақстандықтар үшін бұл көліктер баға, үнемділік және қолайлылық тұрғысынан ең тиімді балама. Әр көліктің өз аудиториясы бар: біреулерге сенімділік маңызды болса, екіншілері заманауи дизайн мен отын үнемдеуіне мән береді. Қай көлікті таңдасаңыз да, бастысы – бұзылмай, жүйткіп тұрса болғаны.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Жүргізушісіз РОБОТ-ТАКСИ қай елдерде іске қосылған?