Смартфон қай кезде осал болады: деректерді ұрлаудың алты сценарийі

0
110

Көп жағдайда смартфонда құжаттардың суреттері, хат алмасу, электрондық пошта, байланыстар және қаржылық сервистерге деген қолжетімділік сақталады.


Смартфон қай кезде осал болады: деректерді ұрлаудың алты сценарийі

ERNUR.KZ. Біз банк картасындағы ақшаны қорғауға үйреніп қалдық, бірақ қарапайым смартфонның алаяқтарға қанша мүмкіндік беретіні туралы жиі ойлана бермейміз. Ол арқылы хат алмасуға, құжаттарға, банк қосымшаларына және тіпті жұмыс ақпаратына қол жеткізуге болады. Бұл ретте қауіптің төнуі әрдайым айқын бола бермейді: бөгде адамдар телефонды өз мақсаттарына сай қолданып жатқанда ол әдепкі қалыпта жұмыс істей беруі мүмкін.

Қолданушының қандай үйреншікті әрекеттері деректердің қолды болуына, ақшаның жоғалуына немесе құрылғыға бөгде адамның қол жеткізуіне алып келуі мүмкін, осының бәрін Fingramota.kz-пен бірге қарайық.

Бірінші жағдай. Телефон бірнеше минутқа жоқ болып кетті

Елестетіңіз: сіз смартфоныңызды кафедегі үстел үстіне қойып, тапсырыс беруге барып келдіңіз, қайтып келгенде оның жоғалып кеткенін анықтадыңыз. Бірінші болып жаңа телефон алуға тура келеді деген ой келеді. Алайда ең маңызды шығын құрылғының құны болмауы мүмкін.

Көп жағдайда смартфонда құжаттардың суреттері, хат алмасу, электрондық пошта, байланыстар және қаржылық сервистерге деген қолжетімділік сақталады. Егер құрылғыны қорғау деңгейі төмен болса, оны оны қолға алған адам осы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Құрылғы иесінің қарапайым PIN-кодты қолдануы, құпиясөздерді жазбаларда сақтауы немесе маңызды қосымшаларды ашық күйінде қалдыруы аса қауіпті.

Алдын ала не істеу қажет? Сенімді бұғаттау кодын және биометриялық қорғауды орнатыңыз, құрылғыны қашықтан іздеу және бұғаттау функцияларын іске қосыңыз. Құпиясөздерді, қолжетімділік кодтарын және банк карталарының фотосуреттерін ашық күйінде сақтамаңыз. Егер телефоныңыз жоғалып кетсе оны қашықтан бұғаттап ұялы телефон оператормен байланысыңыз және банкке сіздің қаржылық қосымшаларыңызға бөгде адамдардың қол жеткізу ықтималдығы туралы ескертіңіз.

Екінші жағдай. Қосымшаны орнатқан сіз, бірақ басқа біреу басқарады

Сізге «Банк операцияларының қауіпсіздігі үшін жаңартуды орнату қажет» деген хабарлама келеді. Жөнелтуші өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сілтеме жібереді. Сілтемеге өткеннен кейін ресми сайтқа ұқсайтын парақша ашылады. Сіз қосымшаны жүктеп, орнатасыз және хабарламаларға, телефонның экранына немесе арнайы мүмкіндіктеріне қолжетімділік бересіз.

Бір қарағанда ерекшеленіп тұрған ештеңе жоқ. Бірақ дәл осы рұқсат беру зиянды бағдарламаға ақпаратты қайта қарау, жекелеген хабарландыруларды ұрлау немесе құрылғыда әрекеттер жасау мүмкіндігін беруі ықтимал.

Кейде алаяқтар жеткізу, антивирус, навигатор бағдарламалары және банк қосымшалары сияқты танымал сервистерге сырттай ұқсас қосымшаларды қолданады.

Не нәрсеге назар аударған жөн? Қосымша қандай рұқсат сұрап тұрғанын тексеріңіз. Мысалы, файлдарды қарауға арналған бағдарламаға SMS-ке немесе экранды басқаруға қолжетімділік қажет емес. Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз және әзірлеушіні тексеріңіз. Есте ұстаңыз: банк қызметкерлері телефоныңызға қолжетімділік алу үшін сыртқы қосымшаларды орнатуды талап етпейді.

Үшінші жағдай. Телефон жақсы жұмыс істеп тұр, бірақ басқа біреудің командаларын орындайды

Әрбір жұқтыру экранды бұғаттаумен немесе ақша талап етумен қатар орын алмайды. Кейбір зиянды бағдарламалар байқатпай жұмыс істейді. Құрылғы алаяқтар қашықтан басқаратын вирус жұққан компьютерлер мен смартфондар желісінің ботнет деп аталатын бөлігі болуы мүмкін. Мұндай желілер зиянды хабарламаларды жаппай тарату, интернет-ресурстарға шабуыл жасау және басқа да заңсыз әрекеттер үшін қолданылады. Бұл жағдайда телефон иесі оны пайдалануды жалғастырып, не болып жатқанын білмейді.

Кейде белгісіз қосымшалар, интернет-трафиктің әдеттен тыс көп шығыны, батареяның тез таусылуы немесе құрылғының қатты қызуы проблеманы көрсетеді. Бірақ бұл белгілердің басқа да себептері болуы мүмкін.

Тәуекелді қалай азайтуға болады? Операциялық жүйенің жаңартуларын кейінге қалдырмаңыз, орнатылған қосымшаларды тексеріңіз және шығу тегі сізге белгісіз бағдарламаларды жойыңыз. Егер сіз вирус жұқты деп күдіктенсеңіз, құрылғыны сенімді қорғау шешімімен тексеріңіз немесе маманға хабарласыңыз.

Төртінші жағдай. Сіздің фотосуреттеріңіз бен құжаттарыңыз «кепілге алынған» болып шықты

Сіз хабарламада алынған файлды ашасыз немесе бағдарламаны белгісіз сайттан орнатасыз. Біраз уақыттан кейін құжаттарға кіру бұғатталады. Экранда файлдарды қалпына келтіру үшін ақша аудару туралы талап пайда болады. Бопсалаушы бағдарламалар осылай жұмыс істейді. Олар ақпаратты шифрлай алады немесе құрылғыға кіруді шектей алады.

Отбасылық фотосуреттер, жеке құжаттар мен жұмыс материалдары қауіпке ұшырайды. Жеке құрылғыда маңызды қызметтік файлдарды сақтайтындар үшін әсіресе ауыр зардаптар болуы мүмкін.

Төлеу керек пе? Төлемді төлеу файлға қол жеткізуді қалпына келтіруге кепілдік бермейді, ал алаяқтар қосымша ақша талап етуі мүмкін. Деректерді қорғау үшін жүйелі түрде резервтік көшірмелер жасаңыз және жүйені жаңартып отырыңыз. Вирус жұқтырған кезде құрылғыны интернеттен ажыратып, техникалық көмекке жүгініңіз.

Бесінші жағдай. Тегін Wi-Fi соншалықты тегін емес

Сіз кафеге келіп, интернетке қосылдыңыз. Қолжетімді желілер тізімінде мекеменің атауын көріп, оны таңдайсыз. Содан кейін желіге қосылуды растау туралы өтініші бар бет пайда болады: телефон нөмірін, құпия сөзді немесе тіпті банк картасының деректерін енгізу қажет деген мәлімет пайда болады.

Дегенмен, желі кафеге емес, ұқсас атаумен кіру нүктесін жасаған алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Бұл пайдаланушыны жалған бетке тартудың және оның деректерін алудың бір жолы.

Қоғамдық Wi-Fi өзі банктік ақпаратты автоматты түрде ұрлауды білдірмейтінін түсіну маңызды. Заманауи қосымшалар қорғалған қосылымдарды пайдаланады. Бірақ жалған сайттар, қауіпті беттер және құпия ақпаратты алдап алу әрекеттері нақты қауіп болып қала береді.

Қауіпсіз әрекет ету үшін не істеу керек? Мекеме қызметкерлерінен желінің дұрыс атауын нақтылаңыз. Тегін интернетке қосылу үшін банк картасының деректерін енгізбеңіз. Маңызды қаржылық операциялар үшін мүмкіндігінше мобильді желіні пайдаланыңыз. Белгісіз Wi-Fi нүктелеріне автоматты түрде қосылуды өшіріңіз.

Алтыншы жағдай. Сізге байланыссыз төлемді «тексеруді» ұсынады

Смартфон арқылы жасалатын байланыссыз төлемдер күнделікті өмірдегі қалыпты жағдайға айналды. Бірақ NFC технологиясының айналасында әлі де бірқатар қауіп бар. Мысалы, қылмыскер қоғамдық көлікте телефонға жақындау арқылы одан ақшаны білдірмей есептен шығаруы мүмкін деген пікір тарап отыр.

Шындығында, қазіргі төлем қызметтері қорғаудың бірнеше деңгейін пайдаланады. NFC-нің болуы кез-келген бөтен адам сіздің ақшаңызға еркін түрде қол жеткізе алады дегенді білдірмейді. Ықтималдығы одан да жоғары қауіп - пайдаланушының сенімін пайдалана отырып алаяқтық жасау.

Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: сізге өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, бір адам қоңырау соғады. Ол байланыссыз төлемдерге байланысты қиындықтың туындағаны туралы хабарлап, қауіпсіздікті тексеру үшін арнайы бағдарлама орнатуды ұсынады. Шын мәнінде бағдарлама бөтен адамдарға телефонның экранына немесе басқа да функцияларына қол жеткізуге мүмкіндік беруі ықтимал.

Не көмектеседі? Экранды бұғаттауды пайдаланыңыз, банк операциялары туралы хабарламаларды қосыңыз және белгісіз адамдардың өтініші бойынша қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатпаңыз.

Fingramota.kz еске салады: мобильді құрылғының қауіпсіздігі орнатылған қорғау бағдарламаларының санынан емес, сіздің кімге және қандай деректерге рұқсат беріп жатқаныңызды түсінуден басталады.