Өзін- өзі жұмыспен қамтығандар — бұл жұмыс берушімен еңбек шартын жасамай, өз бетінше ақша табатын адамдар.
ERNUR.KZ. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде жұмыс істеу икемді кестені ғана емес, сонымен бірге асқан жауапкершілік жүктейді, себебі бұл жағдайда сізге қызметтің барлық аспектілері, соның ішінде уақтылы салық төлеу жүктеледі. Ықтимал құқықтық және қаржылық салдарлардың алдын алу үшін белгіленген талаптарды сақтау және міндеттемелердің орындалуын бақылап отыру аса маңызды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қандай салық түрлері бар екенін Fingramota.kz хабарлады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — олар табыс табу үшін тауарлар өндіру немесе сатумен, жұмыстар орындау немесе қызмет көрсетумен айналысатын жеке тұлғалар. Қарапайым тілмен айтқанда, өзін- өзі жұмыспен қамтығандар — бұл жұмыс берушімен еңбек шартын жасамай, өз бетінше ақша табатын адамдар.
Бұл ретте, мыналар:
жеке практикамен айналысатын адамдар (ДК);
шаруашылық серіктестіктердің құрылтайшылары немесе қатысушылары;
акционерлік қоғамдардың акционерлері мен құрылтайшылары;
өндірістік кооперативтердің мүшелері өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып саналмайтынын білген жөн.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған алам мәртебесін ресімдеу үшін 18 жасқа толмаған, Қазақстан азаматтығы болуы, жеке тұлға мәртебесінің болуы, сондай-ақ тек жеке тұлғалармен, компаниялармен және ұйымдармен жұмыс істеу қажет.
2019 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төледі. Алайда, 2024 жылғы
1 қаңтарда оның күші жойылды және бұрын БЖТ төлеген адамдар: тиісті салық режимі бар кәсіпкер болуды немесе жалдамалы жұмысшы болуды таңдауы керек.
Назар ауарыңыз! Пәтерлерін жалға беретін және бұрын БЖТ төлеген азаматтар салықты ДК ретінде тіркелмей төлей алады. Ол үшін жылына бір рет жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыру жеткілікті (240.00-нысан). Салық мөлшерлемесі - алынған табыс сомасының 10 %-ын құрайды.
Сонымен бірге 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік қызметті жүргізбейтін азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналарды өз бетінше төлей алатынын атап өту маңызды – бұл ай сайын 4 250 теңгені (2025 жылы 85 000 теңгені құрайтын ең төменгі жалақының 5%-ы). Бұл МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алуға құқық береді. Азаматтардың кейбір санаттары, мысалы, декреттік демалыстағы әйелдер мен көп балалы аналар жарналарды төлеуден босатылады – олар үшін мемлекет төлейді.
Егер азамат кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды жалғастырса, онда ол e-Salyq Business, еGov және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы дара кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Өз бетінше жұмыс істейтіндер үшін және бухгалтерге ақша жұмсағысы келмейтіндер үшін е-Salyq Business қосымшасында арнайы салық режимі көзделген, оны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады. Қосымшада тіркеу телефон нөмірі, ЖСН және құпия сөз бойынша не ЭЦҚ пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Қосымшада:
ДК ретінде тіркелуге;
салық режимін өзгертуге;
сатып алушыларға чектер беруге;
салықтар төлеуге;
анықтамалар алуға және салық органымен хат жазысуға болады.
E-Salyq Business -те кірістерді есепке алу автоматты түрде жүргізілетіні, ал салықтар тез және оңай есептелетіні ыңғайлы. Алайда, арнайы режим жұмыс істей бастауы үшін қосымшаны жүктеп, тіркелу жеткіліксіз. Режимді бөлек таңдау керек, содан кейін ғана ол күшіне енеді.
Арнайы режимнің негізгі шарттары:
салық – кірістің 1%-ы (жеке табыс салығы), салық кезеңі – ай;
кіріс чектер негізінде тіркеледі;
көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдау үшін барлық төлемдер түсетін кәсіпкерлік банктік шотты онлайн ашуға болады;
міндетті төлемдер (міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, МӘМС жарналары) автоматты түрде есептеледі. Оларды әр айдың 25-не дейін төлеу керек.
Осылайша, E-Salyq Business пайдаланылатын арнайы салық режимі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер үшін ыңғайлы және тиімді шешім болып табылады. Бұл іс-шараларды жүргізуді едәуір жеңілдетеді: артық қағазбастылықтан арылтады, есептеулерде қателіктердің орын алу тәуекелін барынша азайтады және салық жүктемесін төмендетеді. Кәсіпкерден талап етілетіні — салықтарды уақтылы төлеу, қалған жұмысты жүйе автоматты түрде орындайды.