Қазақстанда желіде құқыққа қайшы контентке репост жасағандарға да айыппұл салынбақ

0
83

Мәжілістің жалпы отырысында "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.


Қазақстанда желіде құқыққа қайшы контентке репост жасағандарға да айыппұл салынбақ

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда әлеуметтік желіде құқыққа қайшы контент таратқандарға айыппұл салынбақ, деп жазады stan.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында құқыққа қайшы контентті орналастырғаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы” заңның 14-баптың 1-тармағына сәйкес, құқыққа қайшы контент дегеніміз:

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, тұтастығын бұзуға шақыру,

- мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру,

- соғысқа үндейтін,

- әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, сословиелік және тектік артықшылықты насихаттайтын,

- қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, суицидті, порнографияны, есірткі мен психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын дәріптейтін,

- сепаратизм, алаяқтық идеяларын немесе ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін ақпарат.

Сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына күмән келтіретін, мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын және өзге де заңмен тыйым салынған ақпарат та құқыққа қайшы контентке жатады.

Желіде заң бұзатын контентті жариялағандарды ғана емес, оны қайталап таратқандар, яғни репост жасағандарды да жазалайды деген болжамдар пайда болды.

Бұл мәселеге қатысты заң жобасын әзірлеушісі әрі мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов түсіндірді. Депутаттың айтуынша, құқыққа қайшы контентті жасағандар ғана емес, сонымен қатар оны таратқандар да жазаланады.

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заңның 14-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілгеннен кейін, құқыққа қайшы ақпаратты таратқандар да, жариялағандар да жазаланады. Видео түсіріп, өз парақшасына орналастырған адам да, ол жазбаға репост жасаған адам да жауапқа тартылмақ", – деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, тіпті видеоны өз парақшасында жариялап "Бұл заң бұзушылық" деп жазса да, құқыққа қайшы контент таратушы болып саналады. Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – мәдениет және ақпарат министрлігіне немесе полицияға хабарлау.

"Өз парақшасына салып, астына "Бұл заңды бұзады" деп жазу ақымақтық, не айлакерлік. Егер адам құқыққа қайшы контент жайлы хабарлағысы келсе, ресми органдарға жүгінсін. Ал оны парақшасына жүктеп, өзі таратса – онда ол да заң бұзады және жауапқа тартылады", – деді депутат.

Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мұндай бап жоқ. Бірақ парламент түзетулерді қабылдаса, жаңа бап бойынша заң бұзғандар жазаладанады. Оған қоса, жаңа бап осыған дейін жарияланған жазбаларды да қамтиды.

"Сондықтан адамдар мұның бәрін өшіруі керек, мен мұнда ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Егер біреу үш жыл бұрын құқыққа қайшы контент жариялап, әлі өшірмеген болса – бұл заң бұзушылық. Мұндай контентті парақшасында сақтап отырғандарға таңғаламын", – деді Магеррам Магеррамов.