Трамп Израиль мен Иран арасында атыстың толық тоқтатылғанын жариялады

0
114

Трамптың айтуынша, атысты тоқтату режимі кезең-кезеңімен күшіне енеді: тараптар алғашқы ағымдағы операцияларды алты сағат ішінде аяқтайды, ал атысты толық тоқтату 24 сағат ішінде жүзеге асырылады.


Трамп Израиль мен Иран арасында атыстың толық тоқтатылғанын жариялады

Фото: x.com / @POTUS

ERNUR.KZ. Келісім АҚШ пен Қатардың бірлескен делдалдығының нәтижесі болды, деп жазады inform.kz.

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасында 12 күнге созылған қарулы қақтығысты тоқтатуға бағытталған «атысты толық және түпкілікті» тоқтату туралы режиміне қол жеткізілгені туралы жариялады. Бұл туралы ол дүйсенбі күні кешке Truth Social платформасында жарияланған ресми мәлімдемесінде хабарлады.

— Егер бәрі жоспарлағандай болса — дәл солай болады, — мен екі ел, Израиль мен Иранды қазіргі «Он екі күндік соғыс» деп атауға болатын соғысты тоқтатуға мүмкіндік берген төзімділік, батылдық және ақыл-парасаттылықпен құттықтаймын, — деп жазды Америка президенті.
Трамптың айтуынша, атысты тоқтату режимі кезең-кезеңімен күшіне енеді: тараптар алғашқы ағымдағы операцияларды алты сағат ішінде аяқтайды, ал атысты толық тоқтату 24 сағат ішінде жүзеге асырылады. Ол сондай-ақ Иранның режимді дереу сақтай бастайтынын, ал Израильдің 12 сағаттан кейін орындайтынын қосып өтті.
Reuters агенттігінің Ақ үйдегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, келісімге Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху телефон арқылы сөйлескеннен кейін қол жеткізілген.
Иран тарапымен келіссөзге АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысқаны бөлек атап өтілді.
Reuters агенттігі мәлім еткендей, Иранның атысты тоқтату туралы келісіміне Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммад бин Абдулрахман әл-Тани мен Иран басшылығы өкілдерінің телефон арқылы сөйлесуінен кейін қол жеткізілді.
Хабардар дереккөздің нақтылауынша, бұл әңгіме АҚШ-тың жексенбі күні Ирандағы ядролық нысандарына жасаған соққыларына жауап ретінде Иранның АҚШ-тың Қатардағы базасына зымырандық шабуыл жасағаннан кейін көп ұзамай өткен. Президент Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында қол жеткізілген келісімнің ұзақ мерзімді болатынына сенім білдірді.
— Мен бұл бітім мәңгілік болады деп ойлаймын, — деді ол.
Иран Қатар-Америка ұсынысына келісетінін растады, бұл ретте Израиль әлі ресми түсініктеме берген жоқ.
Алайда Израиль үкіметінің дереккөзі бұған дейін науқанды аяқтауды қалайтынын білдіріп, мұны Вашингтонға жеткізген.
Еске сала кетсек, 13 маусымға қараған түні Израильдің әскери-әуе күштері Иранға соққы жасады. Тегеранда жарылыстардың дыбысы естілді. Израиль төтенше жағдай режимін жариялап, өзінің әуе кеңістігін жапты. Иран Израиль соққысынан жоғары әскери қолбасшылары мен жетекші ғалымдары қаза тапқанын растады.
Жауап ретінде Иран Израиль бағытына 100-ден астам ұшқышсыз ұшу аппаратын (дрон) жіберді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы жүргізілген «өте сәтті» әскери операция туралы мәлімдеді.