Солтүстік Корея ресми түрде өз Конституциясында ел басшысына қастандық жасалған жағдайда әрекет ету алгоритмін бекітті.
Фото: The Telegraph
ERNUR.KZ. Оған сәйкес Ким Чен Ын өзі қайтыс болған жағдайда автоматты түрде "ядролық түймені" басып, соққы беру туралы норманы Конституцияға енгізіп, заңдастырды, деп жазады inbusiness.kz.
Арнайы қызметтердің бағалауынша, Пхеньянның арсеналында 60-қа дейін ядролық оқтұмсық және шамамен 2000 келіден көп байытылған уран бар. Алайда енді Ким Чен Ынның оған көңілі толмай, енді тіпті өзі қаза тапқан жағдайда армияға жауапты соққы беруге міндеттеп қойды.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер Ким Чен Ын өлтірілсе немесе шабуыл салдарынан әрекетке қабілетсіз болып қалса, армия дереу жауап ретінде ядролық соққы жасауға міндетті.
"Егер мемлекет ядролық күштерін басқару жүйесіне жау күштерінің шабуылы салдарынан қауіп төнсе, ядролық соққы автоматты түрде және кідіріссіз жасалады", – делінген заңда жаңартылған 3-бапта.
Шығыстанушы Андрей Ланьков The Telegraph басылымына берген пікірінде Пхеньян АҚШ пен Израильдің Таяу Шығыстағы көшбасшыларға қарсы жасаған соққыларының тиімділігіне қатты алаңдап отырғанын айтты.
Ядролық доктринадағы өзгерістерден бөлек, КХДР Конституциясынан Оңтүстік Кореямен бейбіт қайта бірігу туралы тармақтар алынып тасталды. Енді Оңтүстік ресми түрде "жау мемлекет" деп танылды.


