ПЕДАГОГта болуы тиіс 10 кәсіби дағды: СІЗДЕ қайсысы жоқ – тексеріп көріңіз

0
237

Бұрын мұғалім үшін өз пәнін жетік білу басты талап болса, бүгінгі таңда жеткіліксіз


ПЕДАГОГта болуы тиіс 10 кәсіби дағды: СІЗДЕ қайсысы жоқ – тексеріп көріңіз

Сурет: ЖИ

Цифрлық технологиялардың дамуы, білім беру саласына жасанды интеллектінің енуі педагогке қойылатын талаптарды да жаңартып келеді. Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес, бағыт-бағдар көрсетуші, жаңашылдыққа жол ашушы, тәлімгер және оқушының тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды маман. Бұрын мұғалім үшін өз пәнін жетік білу басты талап болса, бүгінгі таңда жеткіліксіз. Ендеше, заманауи педагог қандай кәсіби дағдыларды меңгеруі керек?


1. Цифрлық сауаттылық

Қазіргі педагог цифрлық платформалармен еркін жұмыс істей білуі қажет. Сабақ барысында интерактивті тақтаны, онлайн тесттерді, электронды ресурстарды тиімді қолдану оқушының қызығушылығын арттырады. Ал BilimClass, Balazhan, Kundelik.kz сынды білім беру ісіне қатысты платформаларды сауатты қолдана алу – қызметтік міндет.


2. Тайм-менеджментті меңгеру

Сабаққа дайындалу, құжат толтыру, дәптер тексеру, ата-анамен байланыс және басқа да міндеттер арасында мұғалімнің уақыты сауатты бөлінбесе, жұмыстың тиімділігі азаяды. Сондықтан уақытты жоспарлау – кәсіби қажеттілік. Күнделікті жұмыс жоспарын құру, маңызды тапсырмаларды бірінші орындау, қайталанатын жұмыстарды жүйелеу сияқты тайм-менедлжмент құралдарын қолдана алған ұстаздың ұтары көп.


3. Тиімді коммуникация және қарым-қатынас орнату

Мұғалім оқушымен, ата-анамен, әріптестерімен сенімді, жайлы қарым-қатынас орната алуы тиіс. Бұл ретте айтқан сөзі ғана емес, дауыс ырғағы, тыңдай білуі және ойын жеткізе алуы – кәсіби шеберлігінің маңызды көрсеткіші.


4. Саралап оқыту және жеке ерекшеліктерді ескеру

Әр оқушының қабылдау жылдамдығы, қабілеті, қызығушылығы мен білім деңгейі әртүрлі. Сондықтан бір ғана тапсырмамен барлық оқушыдан бірдей нәтиже күту дұрыс емес. Тапсырмаларды жеңіл, орташа және күрделі деңгейде әзірлей алу – заманауи мұғалімнен күтілетін тағы бір талап. Қолдауды қажет ететін оқушыға қосымша көмек, ал қабілеті жоғары оқушыға күрделендірілген тапсырма ұсына алатын ұстаз жоғары бағаланады.


5. Сыни және шығармашылық ойлау

Заманауи мұғалім ақпаратты дайын күйінде ұсынумен шектелмеуі керек. Оқушыны сұрақ қоюға, салыстыруға, талдауға, дәлелдеуге және өз пікірін қалыптастыруға үйретуі маңызды. Практикалық әдіс: «Неліктен?», «Егер бұлай болмаса ше?», «Басқа қандай шешім бар?» деген сұрақтарды сабақта жиі қолдану арқылы оқушыны жетелей алу да бір өнер.


6. Эмоционалдық интеллект

Эмоционалдық интеллект – өз сезімін басқара білу және өзгенің көңіл күйін түсіну қабілеті. Білім беру процесінде жүйкені жұқартатын сәттер мен жайттар аз емес. Алайда негативті эмоцияға берілмеу, ұстамды болу, оқушыға, ата-аналарға түсіністікпен қарай алу қабілеті де мұғалімнің бойынан табылуға тиіс. Кейде оқушының сабаққа қатыспауы немесе тапсырманы орындамауы жалқаулықтан емес, ішкі күйзелістен, сенімсіздіктен туындауы мүмкін. Мұндайда педагогтың түсіністікпен қарай алмауы жағдайды ушықтыруы мүмкін. Мұғалімнің мейірімі мен сабырлылығы сыныптағы психологиялық ахуалға тікелей әсер етеді.


7. Жасанды интеллектіні пайдалану

Жасанды интеллект – мұғалімнің орнын басатын құрал емес, оның жұмысын жеңілдететін көмекші. Педагог ЖИ көмегімен сабақ жоспарын құрастырып, тапсырмалар әзірлеп, мәтіндермен жұмыс істеп, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды талдай алады.

Алайда ЖИ құралдарын дайын нәтиже алуға ғана емес, жаңа идеялар іздеуге, сараланған тапсырмалар әзірлеуге пайдаланыңыз.


8. Бағалау және сапалы кері байланыс беру

Қазіргі педагог тек баға қоюшы емес, оқушының даму бағытын анықтаушы болуы керек.

Қалыптастырушы бағалау, өзін-өзі бағалау, өзара бағалау және нақты кері байланыс оқушының оқу жетістігін жақсартуға көмектеседі.

Кеңес: «Дұрыс емес» дегеннен гөрі, «Қай тұсын жақсартуға болады?» деген бағыттаушы пікір айтыңыз.


9. Үздіксіз кәсіби даму және ізденіс

Білім беру саласы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан мұғалім де үнемі үйреніп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Кәсіби вебинарларға қатысатын, әдістемелік әдебиеттер оқитын, әріптестерінің тәжірибесін зерттейтін, жаңа педагогикалық әдістерді сынап көруден қашпайтын ұстаздар қашан да сұранысқа ие.


10. Көшбасшылық және өзгерістерге бейімделу

Нағыз заманауи педагог – оқушыны жетелейтін, өз ортасына оң өзгеріс енгізе алатын тұлға. Көшбасшы мұғалім жаңашыл идея ұсынады, әріптестеріне қолдау көрсетеді, командамен жұмыс істейді және өзгерістерден қорықпайды.


Өзіңізді тексеріңіз

Бұл дағдылар сізде қаншалықты қалыптасқан? Төмендегі шағын өзін-өзі бағалау тестін орындап көріңіз. "Иә" жауабымен сәйкес келетін қатарға құсбелгі қойыңыз. Жауабыңыз "Жоқ" болса, түртпеңіз.

Цифрлық платформаларды еркін қолданамын

Жасанды интеллектіні жұмысымда пайдаланамын

Оқушылардың сыни ойлауын дамытамын

Оқушымен және ата-анамен тиімді тіл табысамын

Эмоциямды басқара білемін

Сараланған тапсырмалар дайындаймын

Уақытымды тиімді жоспарлаймын

Сапалы кері байланыс беремін

Үнемі кәсіби білімімді жетілдіремін

Көшбасшылық танытып, жаңашылдыққа ұмтыламын

Қанша пунктке құсбелгі қоя алдыңыз?


Әр күнгі шағын қадам кәсіби дамуға жол ашады. Ұстаздың кәсіби дамуы тоқтаған сәтте оның шәкіртінің де даму мүмкіндігі шектеле бастайды. Сондықтан әр педагог үшін ең маңызды қағида – «Кеше білгенім – бүгінгі жетістігім, ал бүгін үйренгенім – ертеңгі мүмкіндігім».

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«BALAZHAN»: платформаны толтыруды жеңілдететін 3 лайфхак