Кремльде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды

0
166

​Кеңес отырысына қатысу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Мәскеуге арнайы барды.


Кремльде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды

Фото: Aqorda баспасөзінен

ERNUR.KZ. Үлкен Кремль сарайында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Кеңес отырысына қатысу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Мәскеуге арнайы барды.

Бүгінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) 6 мемлекет мүше. Олар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения.

Армения 2024 жылы ұйымға қатысуын тоқтата тұратынын мәлімдегенімен, ҰҚШҰ-ның ресми сайтында әлі де мүше мемлекет ретінде көрсетілген.

Алайда бүгінгі кеңес отырысына Армения қатыспады.

ҰҚШҰ дегеніміз не?

Бұл – 2002 жылы құрылған әскери-саяси ұйым. Негізгі мақсаты – мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын бірлесіп қорғау, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

ҰҚШҰ отырысында әскери-саяси ахуал, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері, ұйымның маңызды бағыттары талқыланады.

Айта кетейік, 10 қараша күні келесі жылы ұйымға Тәжікстан төрағалық ететіні белгілі болды.