Қырыққабат КЕПКЕН НАНДЫ "жақсы көреді"

0
4 121

Қырыққабаттың түйін байлауына ашытқы мен кепкен нан да жақсы көмектеседі.


Қырыққабат КЕПКЕН НАНДЫ

Біз бұдан бұрын қырыққабаттың түйін байламауының негізгі себептері туралы жазған болатынбыз. Ал бұл жолы тез түйін байлауға әсер ету жолдарының қарапайым, бірақ тиімді тәсілдері туралы қажетті кеңестерді ұсынамыз.


Қырыққабат түйін байламай жатса, төмендегі тәсілді жасап көріңіз

Қырыққабат мол әрі сапалы өнімімен қуантсын десеңіз, онда маусымында 2 немесе 4 рет қоректендіру керек. Егер бақшадағы топырақ қара әрі құнарлы болса онда 2 рет қоректендіру жеткілікті. Ал топырақ құмды, құнары аз болса 4 мәртеге дейін қоректендіру ұсынылады. Кеш пісетін сұрыптардың түйнегі үлкен болатындықтан, олар тез пісетін қырыққабатқа қарағанда мол қоректендіруді қажет етеді.


Қоректендірудің химикатсыз тәсілі

Ең алғашқы қоректендіру көшетті отырғызғаннан кейін 10-14 күннен кейін жүргізілуі тиіс. Бұл уақытта қырыққабат белсенді өсе бастайды. Сондықтан азотты ерекше қажет етеді. Ал азот үй -құстарының саңғырығында, көңде мол болады. Оны пайдалану үшін:

  • 1,5кг сиыр тезегін 10 литр суға араластырып, 4-5 тәулік қою керек. Қырыққабатқа құятын кезде тұнбаны екі есе сумен араластырады.
  • 1кг құс саңғырығын 10л суда 2-3 күн қалдырып, суғаратын кезде 1л тұнбаны 8-9л таза суға араластырып барып құяды.


Маңызды! Тыңайтқышты қырыққабатты таза сумен суғарып болған соң, ылғалды топырақ үстінен құю керек. Қоректендіргіш жапырақтарға тимегені жөн.


Екінші тыңайтқышты қырыққабат түйін байлай бастаған кезде беру қажет. Бұл кезеңде өсімдікке калий мен фосфор қажет болады. Ал табиғатта бұл екі элемент ағаш күлінде кездеседі. Ағаш немесе шөптің толық жанған күлін қырыққабаттың жүйегіне 1кв.м жерге 2 стақаннан сеуіп, топырақты шамалы қопсытып шығу керек. Топырақты қопсытқаннан кейін суғарып жіберу керек. Күл еріп, өсімдіктің тамырына сіңеді.

Келесі тәсіл – күл тұнбасы. Жарты келі күлге 3л жылы су құйып 2 тәулікке тұндырып қою қажет. Кейін тұнбаны сүзіп қырыққабатты суғарамыз.

Қырыққабат түйін байлау үшін қолданылатын тағы бір тиімді тәсілдердің бірі – нан мен ашытқы тұнбасы. 10г ашытқы немесе 1кг кепкен нанды 1 шелек – 10л жылы суға салып 1 тәулік тұндырып қою қажет. Тұнбаны әр қырыққабаттың түбіне жарты литрден құйып шығады.


Қырыққабатты қоректендіруге арналған дайын өнімдер

Арнайы дүкендерде қырыққабатқа арналған минералды тыңайтқыштар жиынтығы бар дайын өнімдер бар. Олардың ішіндегі танымалдары:

  • Здравень;
  • Агрикола;

Бұл препараттарды пайдалану нұсқаулығы қорабында жазылған. Сол нұсқаулықты бұлжытпай орындаған дұрыс.


Қырыққабаттың түйін байлауын жылдамдату құпиясы

Бұл ертеден келе жатқан тәсілдердің бірі. Қырыққабтта кемі 12 жапырақ болса, онда соны жинап шүберекпен немесе жұмсақ резеңкемен буу керек. Бұл тәсіл біраз уақыт пен күш алатын болғандықтан үлкен бақша үшін тиімсіз. Ал сатуға емес, үйге деп егілген 4-5 жүйек қырыққабат үшін өте тиімді.


Егер бір түйіннің орнына бірнеше түйін байланса, онда оның негізгі 2 себебі бар

  • Зиянкестер. Олар ортадағы түйін байлайтын сабақты жеп, зиянын тигізеді. Ортадағы сабақ түйнемеген соң жанындағы ұйықтап жатқан бүртіктер оянып, нәтижесінде бірнеше түйін пайда болады.
  • Оқыс қимыл. Кейде өсімдікті шөптен тазартып немесе суғарып жүріп, оқыс қимылмен қырыққабаттың ортасындағы сабағын сындырып алуыңыз мүмкін. Бұл жағдайда да ұйқыдағы бүрлер оянып, ұсақ түйін сала бастайды.

Өсімдікті әлсіретіп, сапасыз өнім алмау үшін, артық түйіндерді жұлып тастаған жөн.


Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ