Ашық форматта өткен кездесуде жасөспірімдер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спорттық мансапқа қатысты нақты әрі пайдалы кеңестер алды.
Заңғар Нұрланұлы Түркістанда жасөспірім теннисшілерге шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы теннис орталығында Қазақстан теннисінің үміт күттіретін жас өкілі, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің 9-шы ракеткасы түркістандық Заңғар Нұрланұлының қатысуымен шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы қатысып, жас спортшыларға ізгі тілегін білдіріп, олардың алдағы жарыстарда биік нәтижелерге жететініне сенім білдірді.
Шеберлік сабағы барысында жас теннисші қатысушыларға ойын техникасының негізгі қыр-сырын үйретіп, кәсіби машықтарын бөлісті. Ашық форматта өткен кездесуде жасөспірімдер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спорттық мансапқа қатысты нақты әрі пайдалы кеңестер алды.
Іс-шара тек спорттық шеберлікті шыңдаумен шектелмей, тәртіп пен жауапкершілік мәселелерін де қамтыды. Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығы атап өтіліп, табысты спортшы болу үшін қажырлы еңбекпен қатар жоғары мәдениет пен ішкі тәртіптің қажет екені айтылды.
Мұндай мазмұнды кездесулер жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын күшейтіп, патриоттық рухын қалыптастыруға ықпал етеді.
Шара соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында теннис орталығы аумағына ағаш отырғызып, экологиялық акцияға белсене қатысты. Бұл игі іс жас буынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, шараның тәрбиелік мәнін одан әрі тереңдете түсті.


