Заңғар Нұрланұлы «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалына шықты

0
101

Кездесу бар-жоғы 1 сағат 6 минутқа созылды


Заңғар Нұрланұлы «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалына шықты

Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалына шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

17 жастағы қазақстандық теннисші, Түркістан облысының өрені Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатының екінші айналымында сенімді жеңіске жетті.

Жарыстың 8-ші нөмірлі ойыншысы болып тіркелген отандасымыз американдық Агасси Рашерді (ITF жасөспірімдер рейтингінде 94-орын) екі сетте тас-талқан етті – 6:2, 6:1. Кездесу бар-жоғы 1 сағат 6 минутқа созылды, бұл уақытта Нұрланұлы корттағы жағдайды толықтай өз бақылауында ұстады.

Осы табысының арқасында Заңғар Париждегі беделді Үлкен дулыға турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Ширек финал жолдамасы үшін ол Янник Альварес (Пуэрто-Рико) – Леонардо Шторк Франка (Бразилия) текетіресінің жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Париждегі кортта бүгін Заңғар Нұрланұлына ерекше қолдау көрсетілді. Жас таланттың маңызды матчына Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов арнайы барып, трибунадан жеке өзі жанкүйер болды.

Бөлісу