Түркістандық жылыжайлар ел сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етеді

0
89

Өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді.


Түркістандық жылыжайлар ел сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етеді

Түркістандық жылыжайлар маусымаралық кезеңде ел сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңір. Бүгінде еліміздегі жылыжайлардың 72 пайызы облыс аумағында орналасқан. Өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде, жалпы көлемі 62,5 гектар болатын 17 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 944,2 гектар аумақты қамтитын 3 503 фермерлік жылыжай бар.

Былтыр Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Аталған өнімдер арқылы маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігінің 45 пайызы қамтамасыз етілуде.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау шаралары жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 млн теңге көлемінде субсидия төленуде. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

Дегенмен, қазіргі таңда отандық жылыжай шаруашылықтары елеулі бәсекелестік қысымға тап болып отыр. Көршілес мемлекеттерде, атап айтқанда Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінде көкөніс өнімдерін өндіру құнының төмен болуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің кеңінен қолданылуы ішкі нарықтағы баға бәсекелестігін айтарлықтай күшейтуде. Нәтижесінде, өндірістік шығындардың жоғары болуына байланысты отандық жылыжай шаруашылықтары импорттық өнімдермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмай, қызанақ өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болуда. Бұл жағдай жылыжай кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына қауіп төндіруде.

Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары бүгінде ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңірдегі шаруалар маусымаралық кезеңде халық сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беретін жоғары өндірістік әлеуетке ие.

Сонымен қатар Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен өңірдегі шаруа қожалықтары өз тарапынан да әлеуметтік жауапкершілік алып, тиісті меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында олар маусымаралық кезеңде, әсіресе сәуір-мамыр айларында, ел халқының көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағаны халық үшін қолжетімді деңгейде ұстап тұру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдады. Сондай-ақ, отандық өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.

Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау және жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірқатар маусымдық шараларды қарастыру жөнінде ұсыныс енгізілуде. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден, соның ішінде Өзбекстан, Иран және Түрікменстаннан импортталатын көкөніс өнімдеріне қатысты кедендік баж салығы мөлшерін арттыру, сондай-ақ маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің импортына сандық шектеулер (квота) енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Аталған шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге, отандық жылыжай шаруашылықтарын қолдауға, өндірістік әлеуетті сақтауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді.

Бөлісу