Түркістандық спортшылар VIII халық ойындарында топ жарды

0
107

Осылайша жерлестеріміз республикалық деңгейдегі ірі доданың жеңімпазы атанды.


Түркістандық спортшылар VIII халық ойындарында топ жарды

Түркістан облысының спортшылары VIII халық ойындарында командалық есепте топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындары өз мәресіне жетті. Еліміздің 20 өңірінен келген 2 мыңнан астам спортшы спорттың 10 түрі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. 11-20 маусым аралығында ұйымдастырылған кешенді жарыс қорытындысында үздік өңірлер белгілі болды.

Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы 245,5 ұпай жинап, І орынды иеленді. Осылайша жерлестеріміз республикалық деңгейдегі ірі доданың жеңімпазы атанды. Екінші орынға 222 ұпаймен Шымкент қаласының құрамасы тұрақтаса, үшінші орынды 219 ұпай еншілеген Астана қаласының спортшылары иеленді.

Түркістан облысының спортшылары жарыс барысында бірқатар спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, әйелдер волейболынан және бес асықтан чемпион атанса, қол күресінен де үздік атанды. Сонымен қатар ерлер волейболы мен әйелдер арасындағы 3х3 баскетболдан күміс жүлдеге қол жеткізді. Асық атудан қола медаль иеленсе, тоғызқұмалақтан төртінші, гір спортынан бесінші, үстел теннисінен жетінші, қазақ күресінен сегізінші орындарды қанағат тұтты. Сондай-ақ ерлер арасындағы 3х3 баскетбол мен шахматтан 12-орын, кіші футболдан 12-орынға тұрақтады.

Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрамасы жоғары спорттық дайындық пен командалық ұйымшылдықтың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте көш бастап, Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының жеңімпазы атанды.

Бөлісу