Қазақ халқының бай мәдени мұрасы шетелдік аудиторияға кеңінен таныстырылып, жоғары бағасын алды.
Түркістан облысының мәдениеті халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Француз Республикасы мен Испания Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшіліктерінің шақыртуымен Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс Холл» кешенінің Республикалық байқаулар лауреаты «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі Еуропа төрінде «Наурыз думан» мерекелік концерттік бағдарламасын жоғары деңгейде өткізді.
Нақтырақ айтқанда, фольклорлық ансамбль Франция астанасы Париж қаласында және Испания астанасы Мадрид қаласында өнер көрсетіп, шетелдік көрермендердің зор ықыласына бөленді. Концерттер барысында қазақтың бай мәдени мұрасы мен ұлттық өнері кеңінен дәріптеліп, дәстүрлі ән-күй мен фольклорлық шығармалар орындалды.
Мадрид қаласындағы концертке жиналған тұрғындар мен қала қонақтары өнерпаздарға ерекше қошемет білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Ал Париж төріндегі кеште ұлттық мәдениетіміздің көркем үлгілері ұсынылып, көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Осылайша, қазақ халқының бай мәдени мұрасы шетелдік аудиторияға кеңінен таныстырылып, жоғары бағасын алды.
«Наурыз думан» концерттік бағдарламасы арқылы ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, қазақ мәдениеті халықаралық деңгейде насихатталды.
Айта кетейік, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблінің бұл гастрольдік сапары Қазақстан Республикасының Франция және Испаниядағы Елшіліктерінің қолдауымен жүзеге асырылды.


