Саммиттің басты тақырыбы - жасанды интеллект және цифрлық даму.
Түркістан төріндегі тарихи саммит қауіпсіз өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген. Себебі ауқымды халықаралық іс-шараға дайындық кезеңінен бастап облыстың полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Халықаралық маңызы бар іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің Президенті мен ресми делегациялары қатысты. Сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері арнайы келді. Саммиттің басты тақырыбы - жасанды интеллект және цифрлық даму.
Саммит аясында құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар мен өзге де жауапты қызметтердің өзара үйлесімді жұмысының нәтижесінде қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелген жоқ. Делегациялар жүретін бағыттар, қонақтар орналасқан нысандар мен көпшілік жиналатын орындар толық бақылауға алынған.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қорғау бағытында кешенді шаралар жүргізуде.


