Түркістанда ұлағатты ұстаздар ұлықталды

0
97

Нұралхан Көшеров білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.


Түркістанда ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Түркістанда «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.


– Баршаңызды Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мұғалім – адам тәрбиелейтін ең жауапты мамандық. Біз ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз» деген болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген ең жоғары баға. Облысымызда 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, аянбай тер төгіп жүр. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірімізден 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалды. «Daryn Teacher» халықаралық жобасы аясында 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтады. Әлемдік үздік үлгілерді өңір мектептеріне әкелу – нағыз жаңашыл ұстаздың еңбегі. Облыста жаңа мектептер салынып, инфрақұрылымы жақсарды. Бүгінгі педагог тек өз пәнін меңгеріп қана қоймай, жаңа технологияларды игеріп, оқушымен жаңаша жұмыс істей алуы тиіс. Осы мақсатта, өңірімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, заманауи әдістемелерді меңгеруге және цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге бағытталған жаңа жобалар қолға алынады. Сіздердің жас ұрпаққа білім берудегі еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз – елдің болашағын айқындайтын асыл қазына, – деген Нұралхан Көшеров білім саласында жеткен жетістіктерді де баяндап, елеулі еңбектің бәрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.


Өңір басшысы республикалық, облыстық пән олимпиадалары және білім байқауларының жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Олардың арасында Алия Сейсенбаева мен Сәуле Ешманова сынды ардагер ұстаздар бар. Сондай-ақ оқу жылы барысында ерекше көзге түсіп, көпті таңқалдырған үш ұстаз жайында арнайы бейнеролик қонақтар назарына ұсынылды. Ұлағатты ұстаздардың өнегелі білім жолын көпке үлгі еткен, өңір басшысы Қазығұрт ауданындағы Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясының информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Оразхан Бексұлтанға «Құрмет» грамотасы мен 1 млн теңгенің сертификатын тапсырды. Ізденімпаз ұстаз роботехника үйірмесін жандандырып, шәкірттері әлемдік додаларда Қазақстан құрамасының атынан бақ сынап, топ жарып келеді. Сонымен бірге бүлдіршіндерді балабақшадан бастап еңбекке баулыған Созақ ауданындағы «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова мен студенттері «WorldSkills Kazakhstan», «EurasiaSkills», «Emirates Skills» сынды халықаралық чемпионатында алтын медаль алған Кентау көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы Диларам Анарбаеваға да марапат пен қаржылай сыйлық берілді.


Мерекеде ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің марапаттары тапсырылды. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы» мен алғыс хаттар берілді.


Салтанатты жиында облыс өнерпаздары әсерлі концерттік бағдарламасын ұсынды. Танымал әнші-бишілермен бірге талантты оқушылар мен балалар да өнер көрсетті.


Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 83 мыңнан астам педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді. 2025 жылы осы салаға бөлінген бюджет 13 пайызға ұлғайды. Өңірде мектептер жаңғыртудан өткізіліп, жаңа білім ұялары да ашылып жатыр. Олардың арасында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 29 мектеп бар.

Бөлісу