Қазақстанда жүргізушілердің медициналық рұқсатын автоматты түрде есепке алу жоспарланып отыр

0
117

Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында 10 қазанға дейін жарияланады.


Қазақстанда жүргізушілердің медициналық рұқсатын автоматты түрде есепке алу жоспарланып отыр

Фото: pexels

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көрсетілімдер бойынша көлік басқаруға рұқсат етілген немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды автоматтандырылған тіркеу және есепке алу қағидаларын әзірледі, деп жазады zakon.kz.

Атап айтқанда, жүргізушілердің көлік құралын басқаруға жарамдылығы туралы медициналық қорытындыларды автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Медициналық тексеру нәтижелері туралы мәліметтер медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен денсаулық сақтаудың мемлекеттік цифрлық жүйесіне автоматты түрде жіберіліп, азаматтардан қосымша өтініш талап етілмей жаңартылып отырады.

Уәкілетті органдарға жүргізушілердің көлік басқаруға медициналық рұқсаты, басқаруға рұқсат етілген көлік құралдарының санаттары және медициналық қорытындылардың қолданылу мерзімі туралы ақпарат беріледі. Бұл ретте медициналық дербес деректердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жобаны іске асыру әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында 10 қазанға дейін жарияланады.