512 пәтерді - арендалық үй ретінде пайдалануға беру жоспарлануда.
Түркістан қаласындағы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы жіті қадағалауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылысы аяқталуға жақын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде болып, жұмыстардың сапасы мен орындалу барысын бақылады. Шаһар басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің заманауи талаптарға сай, халыққа қолайлы әрі сапалы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы аумағы 5,2 гектарды құрайтын кешенде 10 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үйдегі 512 пәтерді - арендалық үй ретінде пайдалануға беру жоспарлануда. Ал қалған 4 тұрғын үйдегі 432 пәтерді - тұрғындарға «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында ұсынылмақ.


