Түркістанда садақ атудан ҚР кубогының ІІ кезеңі басталды

0
79

260-қа жуық спортшы жиналып, шеберліктерін сынға салуда.


Түркістанда садақ атудан ҚР кубогының ІІ кезеңі басталды

Түркістан қаласындағы О.Жарылқапов атындағы стадионда садақ атудан ересектер және жасөспірімдер арасындағы ҚР Кубогының ІІ кезеңі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ауқымды спорттық додаға еліміздің 12 өңірінен 260-қа жуық спортшы жиналып, шеберліктерін сынға салуда.

Жарысқа Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Жетісу, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының үздік спортшылары қатысып отыр. Бұл — ел көлеміндегі ең мықты садақшылардың басын қосқан маңызды бәсекелердің бірі.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, қала әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және ҚР садақ ату федерациясының атқарушы директоры Еділ Темірбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, ел Кубогы төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең Шымкент қаласында өтіп, үздіктер анықталған болатын. Сол жарыста Түркістан облысының спортшылары Виктория Лян мен Бунед Мирзаметов жоғары нәтиже көрсетіп, топ жарды. Енді Түркістан төріндегі додада да жергілікті мергендерге үлкен үміт артылып отыр. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшылар ұлттық құрама сапына шақырту алып, мамыр айының басында Шанхай қаласында өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғайды.

Бөлісу