Түркістанда «ForteBank»-тың жаңа ғимараты бой көтереді

0
196

Жаңа нысан 2 немесе 3 қабатты кешен түрінде жобаланған.


Түркістанда «ForteBank»-тың жаңа ғимараты бой көтереді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банктің Түркістан қаласы филиалының директоры Зәмзагүл Азатовамен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесу барысында өңірдегі қаржылық инфрақұрылымды дамыту және Түркістан қаласында банк филиалының жаңа заманауи ғимаратын салу мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістанның түркі әлемінің мәдени әрі рухани орталығы ретінде ғана емес, ірі іскерлік хаб ретінде де дамып келе жатқанын атап өтіп, инвесторлардың бастамасына қолдау білдірді.

– Бүгінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, мұнда іскерлік белсенділік артып келеді. Осы орайда, тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру өте маңызды. Біз өңір экономикасына инвестиция құйып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті кәсіпкерлердің бастамаларын әрқашан қолдаймыз. Жаңа ғимарат қаланың сәулеттік стиліне үйлесіп, халыққа жайлы қызмет көрсету орталығына айналады деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жаңа нысан 2 немесе 3 қабатты кешен түрінде жобаланған. Тұрғындар мен банк клиенттеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат маңында кең автотұрақ қарастырылады.

Банк басшылығы құрылыс жұмыстарын жақын арада бастауға толық дайын екендігін және нысанды 7-8 ай көлемінде пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Өңірдің басқа аудандарында да банк филиалын ашуды көздеп отырғанын айтты. Сонымен қатар облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, жаңа нысан құрылысының сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілетінін және қызмет сапасын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Жаңа филиалдың ашылуы өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдауды күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындарға көрсетілетін цифрлық әрі банктік қызметтердің аясын кеңейтуге серпін бермек.

Бөлісу