Түркістанда агродрон өндірісі іске қосылды

0
77

Құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайтын дрондар сатылымға да, жалға беруге де ұсынылады.


Түркістанда агродрон өндірісі іске қосылды

Түркістанда тұңғыш рет агродрон өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде өндірістік парктер құру, жаңа зауыттар ашу және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде өндіріс орындарының саны артып, өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Осы бастамалардың аясында Түркістанда ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС өз жұмысын бастады. Кәсіпорын агросаланы цифрландыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға үлес қоспақ.

Зауытта құрастырылатын агродрондар егістік алқаптарына дәрі себуге арналған. Бір құрылғы 70 литрге дейін сұйықтық көтеріп, 5 гектар жерді өңдей алады. Құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайтын дрондар сатылымға да, жалға беруге де ұсынылады.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 500 дана дрон шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда қажетті бөлшектер Қытайдан жеткізілуде. Алдағы уақытта компания қосалқы бөлшектерді жергілікті нарықтан алу мүмкіндігін қарастыру үстінде.

Жалпы компания 2019 жылы Қытайда құрылған болса, 2025 жылдан бастап Қазақстан нарығына шыққан. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорынға 20-ға жуық тапсырыс түскен. Сонымен қатар компания келесі жылдан бастап өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған жаңа үлгідегі дрондарды шығаруға ниетті.

Бүгінде зауытта 4 маман еңбек етуде. Бір дронды құрастыруға небәрі үш сағат уақыт жұмсалады. Өндіріс көлемі мен тапсырыс санының артуына байланысты алдағы уақытта жергілікті тұрғындарды жұмысқа жұмылдыру көзделуде.

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, агродрондарды қолдану ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, қазіргі таңда Сауран ауданы Шаға елді мекенінде орналасқан өндірістік парк аумағында 19 зауыт жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 2 кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу