Құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жоба 3 кезеңмен іске асуда.
Түркістанда 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының «Бекзат» шағынауданында 20 гектар аумақта өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жалпы 26 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жоба 3 кезеңмен іске асуда. Қазіргі таңда алғашқы 5 нысанның құрылысы толық аяқталып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Өндірістік аймақта жол құрылысы жүргізіліп, жақын күндері асфальт төсеу басталады. Нысандарды осы жылы 15 мамырға дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Өндірістік ғимараттарда жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олар заманауи өлшеу құрылғыларын, құрылыс панельдерін, битум материалдарын, сондай-ақ аккумуляторлар мен электронды схемаларды өндіруге бағытталған. Нәтижесінде 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Қазіргі уақытта инвесторлармен келісімдер жасалып, жобаларды өндірістік алаңдарға орналастыру жұмыстары жалғасуда.


