Қазіргі таңда аталған ауылдық округте 39 тік дренажды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жетісай ауданында биыл 200-ден астам тік дренажды қалпына келтіру жұмыстары аяқталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты сулары деңгейін реттеу және суармалы алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында ауданда жүргізіліп жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы жауапты сала мамандарымен бірге Ж.Ералиев ауылдық округіндегі құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға алды.
Қазіргі таңда аталған ауылдық округте 39 тік дренажды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін округке қарасты 14 елді мекендегі 8042 гектар суармалы егістік және 1383 гектар үйіргелік жер мелиоративтік тұрғыдан қамтылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «ҚазСушар» РМК тапсырысы негізінде, Ислам даму банкінің қаржыландыруымен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқталады деп күтілуде. Жоба аясында Мақталы, Қызылқұм және Абай, Ж.Ералиев, Ынтымақ және Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі тік дренаждарды қалпына келтіру арқылы 36 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Аудан әкімі дренаж жүйелерінің сапалы салынуы өңірдің ауыл шаруашылығы саласы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, жобаның аграрлық сектордың тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді.


