ТҮРКІСТАН: Жетісай базарларында қауіпсіздік пен санитарлық тазалық нормалары тексерілді

0
36

Бизнестің заңды, адал болуы қатаң назарға алынған.


ТҮРКІСТАН: Жетісай базарларында қауіпсіздік пен санитарлық тазалық нормалары тексерілді

Жетісай ауданындағы базарларда қауіпсіздік пен санитарлық тазалық нормалары тексерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына барынша жағдайлар мен мүмкіндіктер қарастырылып, жасалатын бизнестің заңды, адал болуы қатаң назарға алынған.

Рұқсатсыз ашылған сауда орындарының қызметін тоқтатуға, бақша мен көкөністердің құрамында нитратты заттардың талапқа сәйкестігін, сауда орындарының өрт және техника қауіпсіздігін тексеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес шара көру, базар аумағындағы санитарлық тазалық пен құрылыс нормаларын сақтау мақсатында аудан әкімі СерікМамытовтың тапсырмасымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Осыған орай, аудан басшысы қаладағы «Күлпаршын» және «Қарақай» базарларында болып, М.Әуезов, С.Қожанов көшесі бойындағы ретсіз сауда жасаушыларға, Ш.Құдайбердиев көшесі бойындағы заңсыз автотұрақ иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Зерделеу барысында қаладағы кейбір тұрғындардың нәпақы табу барысында тазалықты сақтауды естен шығарып, заңсыздықтарға жол бергені, су қашыртқыларының үстіне дүңгіршектер салып, арық-атыздарды қоқыспен толтырып тастағаны, қоғамдық тамақтану орындарында өрт және техника қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар аудан басшысыбазар басшыларына кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің сауда жасау фактілеріне тосқауыл қойып, ретсіз саудамен айналысатын азаматтарды базарларға жайғастыруды, әрбір саудагердің өрт және техника, өмір қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін қадағалауды, сатушылар мен сатып алушыларға толықтай жағдай жасауды тапсырды.

Бұл бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарды табысынан қағып, нәпақысынан айыру емес, керісінше, кәсіптерін заңдастырып, мемлекетке төленетін салық көлемін арттыру, адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін санитарлық тазалық, өрт және техника қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтау болып саналады.

Бөлісу