​Түркістан және Ташкент облысының әкімдері бауырластық туралы меморандумға қол қойды

0
82

Тараптар бизнеске қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударды.


​Түркістан және Ташкент облысының әкімдері бауырластық туралы меморандумға қол қойды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бауырластық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. QULAGER.KZ.

Өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат – өңіраралық қатынастарды дамытуда, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруда маңызды қадам. Түркістан және Ташкент облыстары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларында жоғары әлеуетке ие стратегиялық маңызды өңірлер. Тараптар бизнеске қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударды.

Келісімдерді жүзеге асыру шекаралас аумақтардың экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға және бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

– Форумның маңызы зор. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінгі форум аясында мемлекет тарапынан бес меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында алты меморандум жасалды. Бұл келісімдер алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, өзара тиімді серіктестікті дамытуға үлкен серпін береді. «Біз бауырлас елміз, бірге дамуымыз керек», – деген Президент екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Қазақ пен өзбек – тарихы, тілі, мәдениеті мен дәстүрі жақын халықтар. Сондықтан біз үшін барлық саладағы байланыс маңызды: экономика, сауда, білім, мәдениет, туризм және жастар ынтымақтастығы, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Түркістан және Ташкент облыстарының 200-ге жуық кәсіпкер қктысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумында сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысының аудандарымен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының кәсіпкерлерімен G2B кездесуін өткізіп, кәсіпкерлермен жүздесті. Инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып, өзара тиімді жобаларды талқылады.

Нәтижесінде жалпы құны 19,3 млн АҚШ доллар болатын меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазкрахмал» ЖШС Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 млн доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстанға жеткізуге уағдаласты.

Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Келісім бойынша «СПК Хамит» компаниясы Өзбекстаннан жыл сайын тауарлы балық пен балық шабақтарын алатын болды.

Сонымен қатар «Мясные продукция Туркестан» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 млн доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Тараптар Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өнімдерін қайта өңдейтін цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алу жөнінде келісімге келді.

Қазығұрт ауданы әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен өңірде 5 млн долларлық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Компания Қазығұрт ауданында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуға ниетті.

Сондай-ақ «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясымен өңірде 8 млн долларлық жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр.

«Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық экономикалық байланысты кеңейтуге және ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы – Өзбекстан Республикасының экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерінің бірі. Облыс елдің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аймақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салалары бойынша республикада жетекші орын алады. Өңірде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау салалары қарқынды дамып келеді.

Бөлісу