Бүгінгі күнге дейін өңірде 12 кезеңдік залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп, 45 тоннадан астам биологиялық препарат қолданылды.
Арыста шіркейге қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Арыс қаласы аумағында шіркейдің көбеюінің алдын алу мақсатында кешенді залалсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері Сырдария өзені бойында 6 биолог маман арнайы техника, қайықтар және зертханалық құрал-жабдықтардың көмегімен тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Мамандар тарапынан энтомологиялық бақылау ұйымдастырылып, табиғи және жасанды субстраттардан арнайы әдістер арқылы қажетті зерттеу материалдары жүйелі түрде жиналуда.
Зерттеу барысында өзен суының негізгі физика-химиялық көрсеткіштері, су температурасы, рН деңгейі, минералдану дәрежесі, электрөткізгіштігі, сондай-ақ су көлемі мен ағыс жылдамдығы тұрақты бақылауға алынған. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде шіркей дернәсілдерінің даму деңгейі жоғары аумақтар нақтыланып, биологиялық препараттармен өңделуі тиіс өзен жағалаулары анықталуда.
Осындай жұмыстар Сырдария өзенінің Арыс қаласы аумағынан өтетін арналары бойында да қарқынды жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарына 17 арнайы техника, 10 қайық және 28 маман жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін өңірде 12 кезеңдік залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп, 45 тоннадан астам биологиялық препарат қолданылды.
Шіркейге қарсы күрес шаралары ғылыми сүйемелдеу негізінде жүзеге асырылып, зерттеу және мониторинг жұмыстары мамандардың тұрақты бақылауында. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.


