ТҮРКІСТАН: Отырардағы шалғай елді мекен сапалы интернетпен қамтылды

0
72

Аталған байланыс станциясы арқылы ауыл тұрғындары толық қолжетімді байланыспен қамтылатын болады.


ТҮРКІСТАН: Отырардағы шалғай елді мекен сапалы интернетпен қамтылды

Отырар ауданындағы шалғай елді мекен сапалы интернетпен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екенін айтып, ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керектігін тапсырған-ды.


Ал, биыл Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын әлеуметтің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдану арқылы шешуге бағыттады.


Қазіргі таңда Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы және «Jusan Mobile» АҚ арасында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде байланысы мүлдем жоқ елді мекендерге ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын пайдалану көзделді.


Осы бағытта, бүгін Отырар ауданының Қостерек елді мекенінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қоғамдық Wi-Fi интернетін тарататын заманауи OneWeb спутниктік жүйе станциясы орнатылып, іске қосылды.


Іске қосылған жүйені Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураевтар таныстырып, технологияның мүмкіндіктеріне тоқталды.


«Jusan Mobile» АҚ-ның өкілі Түркістан облысы бойынша байланысы жоқ және мүлдем төмен Арыс қаласының Бұлақ, Ақтас, Дарбаза және Қазығұрт ауданының Өгем, Келес ауданының Тартоғай, Түлкібас ауданының Иірсу, Шардара ауданының Құйған, Отырар ауданының Қостерек ауылдарында заманауи OneWeb спутниктік жүйесін орнатып, қоғамдық Wi-Fi интернеті жергілікті тұрғындардың қолдануына берілгенін жеткізді. Ал, аудан әкімінің орынбасары аудандағы байланысы төмен ауылдарды кең жолақты интернетке қолжеткізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.


Облыстық әкімдік және оператор арасында атқарылған жұмыстарға ауыл тұрғыны Сындарқұл Арғынбай өз пікірін білдіріп, ігі істің басында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.


Айта кетсек, қараша айында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясы іске қосылмақ. Аталған байланыс станциясы арқылы ауыл тұрғындары толық қолжетімді байланыспен қамтылатын болады.

Бөлісу