​ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЗСУ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

0
118

Жұмыс сапары барысында ауданның табиғи газбен қамту бағытындағы өзекті мәселелер де талқыланды.


​ТҮРКІСТАН:   ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЗСУ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

ERNUR.KZ. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, елді мекендердегі ауызсу жүйелерін қайта құру және табиғи газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.


Алдымен Төрткүл ауылдық округіне қарасты Көкарал, Төрткүл, Бөген, Шұбар және Бадам ауылдарындағы ауызсу жүйелерін қайта құру нысандарын аралады. Қазіргі таңда аудандағы Қарақұм, Төрткүл, Көкарал, Бөген, Шұбар және Бадам елді мекендерінде ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары құрылыс жұмыстарының қарқынына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және орындалатын жұмыстардың сапасына назар аударды. Ол мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын күшейтіп, нысандарды талапқа сай сапалы аяқтауды тапсырды.

Зұлпыхар Жолдасов ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне басымдық беріп, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу барысы тиісті деңгейде болған жағдайда ғана қаржыландыру мәселесі қаралатынын жеткізді.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, аталған елді мекендердегі ауызсу жүйелерін қайта құру жұмыстары толық аяқталған соң, аудан тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік туады.

Жұмыс сапары барысында ауданның табиғи газбен қамту бағытындағы өзекті мәселелер де талқыланды.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданындағы 45 елді мекен табиғи газға қосылған. Қамту деңгейі 78,9 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін Ақпан, Аққойлы және Шұбарсу ауылдарындағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындарды табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде газбен қамту көрсеткіші 84,2 пайызға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау, Мамыр және Ордабасы ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекендерге газ жеткізуші құбыр Ақбұлақ ауылын газдандыру нысаны арқылы тарту көзделген.

Осыған байланысты Ақбұлақ ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысын іске асыруға қажетті қаржы мәселесін қарастыру қажеттігі айтылды. Аудан әкімі Азат Оралбаев газдандыру бағытында туындап отырған мәселелерді баяндап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Жұмыс қорытындысы бойынша Зұлпыхар Жолдасов ауызсу және газдандыру жобаларының әрқайсысы бойынша нақты ахуалды қамтитын жүйелі кесте әзірлеуді тапсырды. Онда орындалған жұмыстардың көлемі, қалған құрылыс кезеңдері, қаржыландыру қажеттілігі мен белгіленген мерзімдер көрсетілуі тиіс.

Басты міндет – инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақтылы аяқтап, тұрғындарды ауызсу және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі шешу.