ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданына 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

0
91

152 отбасының тұрғын үй мәселесі шешімін таппақ.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданына 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Ордабасы ауданына биыл қаңтар-мамыр айларында 20,9 млрд теңге инвестиция тартылған, деп хабарлайды ERNU.KZ.

Ордабасы ауданына биыл қаңтар-мамыр айларында 20,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 10,6 пайызды құрады. Жыл қорытындысымен инвестиция көлемін 55 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, шетелдік инвесторларды тарту мақсатында Қытай мен Түркия мемлекеттеріне жасалған іссапарлар және өңірге келген инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 7,2 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пайдалануға беріліп, 304 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындар ашу үшін жалпы аумағы 102,5 гектарлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақ құрылған. Қазіргі таңда онда жалпы құны 23 млрд теңгеге 722 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылды. Сонымен қатар, жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде қосымша 720 жаңа жұмыс орны құрылады. Аудан экономикасына елеулі үлес қосатын ірі жобалардың бірі –«Grand Pro» ЖШС-ң жиһаз өндірісін құру жобасы. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген жағдайда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, газбетон блоктарын өндіретін «Югстройтехнология» ЖШС-ң зауыты жаңа индустриялық аймақта салынуда», – деді аудан әкімі.

Экономиканың негізгі көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі биыл бес айдың қорытындысы бойынша 84,1 млрд теңгені құрап, өсім 37,6 пайызға жеткен. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,4 пайызға артып, 29,3 млрд теңгені құраған. Аудандағы инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер байқалады. Бүгінде ауданға қарасты 57 елді мекен 100% толық таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Табиғи газбен қамту деңгейі 77,1 пайызды құрап, 44 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынды пайдалануда. Сонымен қатар, ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60 пайыз болса, аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық көрсеткіші 91,1 пайызға жеткен.

Аудан басшысы құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биылғы жылдың бес айында 22,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 49,3 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2024–2025 жылдары 136 жалдамалы пәтер пайдалануға берілген. Сонымен қатар, өткен жылы Темірлан ауылында жеке инвестор есебінен екі қабатты 10 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда аталған үйлерді «Отбасы банк» арқылы тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 152 отбасының тұрғын үй мәселесі шешімін таппақ.

Бөлісу