Түркістан облысының әкімі шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді

0
58

Тараптар жобаларды зерделеп, нақтылап, әріптестік орнатуға уағдаласты.


Түркістан облысының әкімі шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, келіссөз жүргізді. Өңір басшысы инвесторларға облыстың инвестициялық әлеуеті туралы баяндап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Түркістан – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді және бұл бағытты екі елдің Президенттері айқындап берді. Түркістан –еліміздегі ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. 2025 жылдың қорытындысымен жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда,жіп иіру фабрикасы, 2 мақта өңдеу зауыты,ПВХ құбырларын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін шығару зауыттары жұмысын бастады.32 мың гектар алқапқа жаңа технологиямен мақта егілді. Бұл бастамалар өз жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосты. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетіліп жатыр, – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар тоқыма өнеркәсібін дамытуға ниетті екендерін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, тоқыма маталарын өндіру және бояу, маталарды әрлеу және киім тігу, үй текстилін өндіру, медициналық қорғаныс өнімдерін шығару, жаңа текстиль материалдарын әзірлеу, интеллектуалды және экологиялық таза тоқыма өндірісін дамыту, энергетикалық және жылумен қамтамасыз ету қызметтерін ұйымдастыру бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Осы бастама арқылы 500-700 аралығында жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған.

Тараптар жобаларды зерделеп, нақтылап, әріптестік орнатуға уағдаласты.

Бөлісу