Түркістан облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік күшейтілді

0
92

Биыл 23 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.


Түркістан облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік күшейтілді

Түркістан облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мәселесі қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

– Шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Соңғы үш жылда суға кету оқиғалары көп тіркелген аумақтарды зерделеп, ескерту тақталарын орнату маңызды. Облыс аумағында барлық су айдындарында шомылу маусымын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдегі судағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Биыл 23 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға кету деректері 34 пайызға төмендегенімен, әлі де қайғылы оқиғалар кездесуде. Мамандардың мәліметінше, қайғылы оқиғалардың 95 пайызы жабдықталмаған, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген. Негізгі себептер – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерде суға түсу.

Осыған байланысты өңірде күн сайын рейдтер ұйымдастырылуда. Рейд барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 107 азаматқа жалпы 1,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар 247 адамға әкімшілік ескерту берілді.

Облыста шомылуға арналған 53 жағажай белгіленген. Алайда тексеру нәтижесінде олардың көпшілігінде кемшіліктер анықталған. Қосымша 17 жағажай ашу жоспарланып отыр.

Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылу орындары жоқ елді мекендерге модульді бассейндер орнату жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 900 бассейннің бүгінде 441-і пайдалануға берілген.

Сонымен қатар облыстағы 111 қауіпті учаскеге ескерту тақтайшалары, ақпараттық стендтер мен арнайы белгілер орнатылған. Биыл тағы 1750 тыйым салу белгісін орналастыру көзделген.

Төтенше жағдайлар департаменті судағы қайғылы оқиғалар жиі қайталанатын «ыстық нүктелерді» ерекше бақылауға алған. Атап айтқанда, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы аудандарындағы магистральды және суару каналдарында бақылау күшейтілді.

Балаларды жүзуге үйрету жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда 45 кәсіпкермен меморандум жасау қолға алынып, оның нәтижесінде 1672 бала тегін жүзуді меңгеріп, арнайы дайындықтан өткен.

Бөлісу