Түркістан облысында павлония өсіру ауқымы кеңейіп келеді

0
65

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кеңейеді.


Түркістан облысында павлония өсіру ауқымы кеңейіп келеді

Түркістан облысында павлония егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл аймақтарды кеңейту және өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыру мақсатында «болашақ ағашы» аталып кеткен павлонияны егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштардың бірі саналатын павлония қазіргі таңда Түркістан қаласының кіреберіс аумағында да жайқалып тұр.

Павлония егу жұмыстары негізінен Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында қатар жүргізілуде. Жалпы өңір бойынша павлонияның 60 мыңнан астам түбі мен ондаған гектар алқабы бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кеңейеді.

Павлония ағашы оңтүстік өңірдің климатына бейімделген. Ол жылына бірнеше метрге дейін өсіп, қолайлы жағдайда 20–25 метр биіктікке жетеді. Сондай-ақ көктем-жаз мезгілінде ұзақ уақыт гүлдеп, экологиялық тұрғыдан ауаны тазартып, көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді. Павлония тек көгалдандыру мақсатында ғана емес, болашақта өндірістік шикізат ретінде де маңызды рөл атқарады. Оның сүрегі жиһаз өндірісінде, қайық, шаңғы, музыкалық аспаптар мен түрлі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда кеңінен қолданылады.

Сала мамандары павлонияны өсіру ісі тек экологиялық бастама ғана емес, сонымен қатар табысты агроөндірістік бағытқа айналып келе жатқанын атап өтеді. Түркістан өңірінің табиғи-климаттық жағдайы бұл ағаш түрін өсіруге қолайлы деп бағалануда.

Жалпы алғанда, павлония жобасы Түркістан облысында жасыл экономиканы дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және жаңа өндірістік мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған перспективалы бастама ретінде қарастырылуда.

Бөлісу