Аталған шаралар жергілікті өндірушілерді қолдауға, халық арасында отандық өнімдердің үлесін арттыруға және тұтынушыларға қазақстандық тауарларды оңай таңдауға жағдай жасауға бағытталған.
Түркістан облысының сауда орындарында отандық өнімдерге басымдық берілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің сауда орындарындағы қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидалары талаптарына сәйкес, сауда объектілерінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар міндеттер көзделген. Атап айтқанда, ішкі сауда субъектілері «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар мен белгіленген сөрелер арқылы отандық өнімдерді ерекшелеуге міндетті. Сонымен қатар қазақстандық өндірістегі тауарлар сатып алушыларға көрнекі әрі қолжетімді орындарға, яғни көз деңгейіндегі сөрелерге орналастырылуы тиіс. Қағида талаптарына сәйкес, сауда объектілеріндегі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арналған жалпы сауда алаңы мен сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі қажет.
Сондай-ақ, ішкі сауда субъектілері жоғары сұранысқа ие өнімдермен қатар «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларды орналастыру арқылы кросс-сауда тәсілін қолдануға міндеттеледі. Қазақстандық өндірушілер немесе отандық өнімдерді жеткізушілер тарапынан жазбаша өтінімдер түскен жағдайда, сауда желілері сөре кеңістігін бөлу жұмыстарын қамтамасыз етеді. Ал өтінімдер болмаған жағдайда, сауда объектілері Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі арқылы отандық өнімдермен сөрелерді басымдық тәртібімен толықтыру шараларын қабылдайды.
Осы талаптарды іске асыру шеңберінде Түркістан облысындағы сауда желілерінде отандық ірімшік өнімдеріне «Қазақстанда жасалған» логотиптері бар арнайы маңдайшалар орналастырылып, қазақстандық өнімдерге басымдық берілуде. Бүгінде Magnum сауда желісінің сөрелерінде отандық өндірушілердің Natige, Эмир, Айс, Дони ЛТД, Майлыкент Сүт және Бурненский брендтерінің сыр өнімдері ұсынылып, тұтынушыларға қолжетімді етілген. Бұл өнімдер арнайы белгіленген сөрелерге орналастырылып, сатып алушылардың назарын аударуға және отандық тауарларды таңдауды жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Аталған шаралар жергілікті өндірушілерді қолдауға, халық арасында отандық өнімдердің үлесін арттыруға және тұтынушыларға қазақстандық тауарларды оңай таңдауға жағдай жасауға бағытталған.


