Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр

0
130

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған.


Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сәйкес тұрақты жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде өңірде жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектар, майлы дақылдар – 72 мың гектар, жоңышқа – 51 мың гектар, көкөніс – 31 мың гектар, бақша дақылдары – 38 мың гектар, ал мақта алқабы 52 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар ерте пісетін қырыққабаттан 2,2 мың тонна өнім жиналды.

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымының барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен қаралып, қазіргі ахуалға жан-жақты талдау жасалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев мәлімдегендей, шаруаларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыштар өтінімдерге сәйкес уақытылы жеткізілуде. Сондай-ақ «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 1196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы саласына нақты қолдау көрсетілуде.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Қазіргі таңда 34 мың гектардан астам алқапта жаңа технологиялар қолданылуда. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, шаруаларға қажетті техниканы лизинг негізінде ұсыну тетігі жолға қойылған.

Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары су қоймаларындағы ахуалға ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге су ресурстарын бекітілген лимитке сәйкес қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, ағын су кезектілігін шаруалармен келісе отырып, дақылдардың ерекшелігіне сай әділ түрде реттеу қажеттігін атап өтті.

Жалпы, өңірде вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтуде. Көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны толық бақылауда, жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасуда.

Бөлісу