Тараптар облыста интеграцияланған экожүйелік парк құру жайын жан-жақты зерделеп, пікір алмасты.
Түркістан облысында интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру көзделуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығу мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болуы 185 миллионнан астам тұтынушысы бар үлкен нарыққа еркін шығуға жағдай жасайды.
Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыруда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаларды іске асыру жайын талқылады. Тараптар облыста интеграцияланған экожүйелік парк құру жайын жан-жақты зерделеп, пікір алмасты.
Облыс басшысы тиімді ұсыныстарды қабылдауға дайын екенін жеткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат берді.
– Қазақстан мақта талшығы бойынша экспорттаушы ел ретінде танылса, ал дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек сегментінде импортқа тәуелді. Елімізде шикізат қоры жеткілікті, сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Түркістан облысы еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілерінің бірі. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. Бүгінгі таңда мақта тек Түркістан облысында өсіріліп, өңделуде. Облыста осы жылы мақта алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектарда мақта егілуде, 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. 50 мың га алқапта озық технологияларды қолданумен егілуде. Жеңіл өнеркәсіп саласында да үлкен мүмкіндіктерге иеміз. Бүгінде өңірде 25 мақта өңдеу зауыты бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде, – деген Нұралхан Оралбайұлы бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Инвесторлар жоба аясында мата және дайын өнім өндірісін қолға алынып, өндірістік және өңдеу, цифрлық логистикалық және қойма орталықтарын, сауда-көрме және коммерциялық-сервис орталықтарын салуды ұсынып отыр. Сонымен қатар инвесторлар электрондық сауданы дамытуға, мамандар даярлауға, өнімдерді Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығаруға ниетті.
Жоба толық іске қосылғанда, өңірлік өнім көлемі артып, 12 000 адам жұмыспен қамтылмақ. Шикізаттан бастап дайын өнім мен саудаға дейінгі циклді қамтитын жоба Түркістан облысын Орталық Азиядағы тоқыма кластерінің орталығына айналдыруға оң септігін тигізеді.